Біздің үйдің арқалығына келіп тырнақтай имек ай тұрып қапты. Ол мына далаға түні бойы күміс сәулесін аямай шашамын деп азайып, қалжырап қалған секілді. Менің қарсы алдымдағы Аршабай алқабы әлі қара көлеңке құшағында. Ойпаңдағы есігі ашық екі үйдің алдында Салтанат ас қамына кірісіп, будақтата от жағып жүр. Көкпеңбек қи түтіні желсіз тымық ауаға тіп-тік көтеріліп, қыр қойнауларын кеулеп ғайып болып жатыр. Әріректе апамның тауықтарға жем шашып, «ту-ту-ту» деп шақырған таңғы дауысы құлаққа ап-анық естіледі. Қара көлеңке алқап жақтан оқтын-оқтын лып ете түскен жібек самалмен бірге қи түтінінің қоңырқай иісі келеді. — Ой, айналайын, кешіктің ғой, соншалықты алысқа ұзай бермей-ақ, ана қырдан асырған соң қайта бермедің бе? — деп қарсы алды апам мені үйге келгенде. — Шаршайды деп бір ойласа қайтеді екен. Салтанат, Қайыржанға салқын айран берші. Апам өзге кемпірлер сияқты «келін» деп жатпай-ақ, оны өз қызындай көріп «Салтанат» деп атап кеткен. Апамның бұлай деуі Салтанатқа да мейлінше ұнайды. Ол менің нақ бір кішкене қарындасым секілді қазаннан құйып алып жатқан сүтін сол бойы қоя салып «қазір, апа» деп өздерінің кішкене отауларына кіріп кетті де, сәлден соң сырлы зерен тостақты салқын да майлы айранға шөпілдете толтырып әкеп маған ұсынды. Айранды сіміріп жатып қарсы алдымда тұрған оған еріксіз көзім түсіп кетті. Дәл қазір Салтанат түскеніне 3-4 ай болған келіншектен гөрі, кәмелетке жаңа толып, тұңғыш рет биге барған жас қызға көбірек ұқсайтын еді. Елегізіген еліктің жанарындай мөлт-мөлт етіп ойнақшыған көздері өз иесінің бейкүнә пәк сезімділігін паш етіп тұрғандай. Бақытты күлкі ойнаған әсем еріндерінің ар жағынан көрінген аппақ әсем тістері төгіле кететін ақ маржан секілді тізіле қалған. Аршабай таңындай арайлы жүзі мен тізесіне төгілген білектей қос бұрымы, ақ тәніне жабысқан көк жібек көйлегі оны бұрынғыдан да құлпыртып, көріктендіре түсіпті. Тостақты босатып өзіне қайтып бергенімде менің ішіп болуымды күтіп тұрған ол ыдысты қолына ала беріп: — Тағы?.. — деді сұраулы пішінде басын сәл ғана изеп. — Жоқ, жетеді. — Ол тез-тез басып отау үйлеріне кіріп кетті. Мен қорада қалып қойған бес-алты арық-тұрық малды Қаратұмсықтың бауырына айдап апарып қайтып келдім де үйге кірдім. Ыбыштың бұрынғы сықырлауық кереуеті маған тиген. Қазір онда Әскербек жатыр. Үйге кіріп келсем, ол басы қазандай боп әлі ұйықтап жатыр екен. «Шаршап жүрген ғой, біраз ұйықтай тұрсын» деп қайта шықтым. Сонау құдық басындағы моторға барып, ары-бері шұқылап көріп те қайттым. Күн де көтеріліп кетті. Енді сәлден кейін ыси бастайды. Осы кезде үй жақтан: «Қайыр-ке-ен» деп айқайлаған дауыс естілді. Солай қарай көз тастадым. Ағаш бөшкенің үстіне шығып, қол бұлғап шақырып тұрған Салтанатты көрдім. Демек, тамақ дайын
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47