ГАУҺАР ТАС

болғаны ғой. Астаудағы суға жуынып, жартылай сүртініп, жалғыз аяқ жолмен үйге қарай жүгіре жөнелдім. Келсем, Әскербек далада жүр екен. Бақан бойы көтеріліп қалған күнге көзін сығырайта қарап, есінеп қояды. Мені көрген соң екі бүйірін таянып берірек жақындады да: — Қайдан келесің? — деді өз сұрағына ешқандай да мән бермей енжар ғана. — Құдық жақтан. — Моторды көрдің бе? — Иә. — Байқа, шұқылай берме, бұзып аласың. — Ол осыны айтты да теріс айналып маңыздана бір қақырынып қойды. Мені бір түк білмейтін жас бала көріп тұр шамасы. — Түу, қалай өмір сүресіңдер-ей, жалғыз, — деді әлден соң ол айналасына қарап. — Жарылып кетпей қайтіп жүрсіңдер. Мен байлап қойса да тұрмас едім. Бұл жерде тансы да болмайтын шығар. — Болады, неге болмайды, — дедім қыжырым қайнап. — Е, қойшы, кімдер билейді? — Қошқарлар мен саулықтар. — Ой, шегірткенің айғырындай болған неме, үлкен адаммен қалай сөйлесесің өзің?! Тілін қара. Сендердің мені сыйлауларың керек. Мен сендерге мотор құрып беремін, білдің бе, мотор! — Осыдан соң ол ренжіген кейіп көрсетіп, тышқан қазып тастаған төмпешіктің үстінде көпке шейін үнсіз отырды да: — Үйлеріңде арақ бар ма? — деді дауысын бәсеңдетіп. — Қойшының ауылында неғылған арақ? — Онда сен түк те білмейтін шикі екенсің. Арақтың кені қойшыларда. Олар жәшігімен әкеп қояды. Мүмкін, жасырып тұрған шығарсың? — Жоқ, шын сөзім. — Ал, шылым ше? — Біздің үйде ешкім шылым шекпейді. — Түу, өздерің қандай адамсыңдар, мәдениет дегеннен жұрдай екенсіңдер ғой!.. «Мұндай жағдайда жұмыс істеу қиын болар» дегендей ол ауыр күрсініп орнынан тұрды да, үйге қарай беттеді. Оның мотор құрып көгертпейтінін біліп, мен де терең бір дем алдым. Тамақ ішіп болған соң екеуміз түске жақын дегенде үйден әзер шықтық. Ол құдық басына келген соң әрі-бері шұқыланып жүріп шаңқай түсті қылды. Сонан соң: «Шөлдедім, ашымал әкел, айрандарыңнан жусан иісі шығады екен» деді. Ашымал әкелген соң ол қабақтың жармысына шейін еңсеріп, түбіндегі қоюынан жеп болды да қарнын сипалап біраз жатты. Бір кезде: — Ей, сенің жеңешең сұлу ғой, ей. Ыбышқа қалай тиіп жүр? — деді басын көтеріп. — Ондай әйелге Ыбыш түгілі мына бармақтай біз сияқты жігіттердің де қолы жетпей жүр. Ақша төлеп алдыңдар ғой, ә? Оның бұл сөзі жаныма батып, намысымды қоздырды, сонымен бірге, жеңешеме деген қызғанышымды да оятты. — Әй, мотор құрмасаң құрып кет, бірақ абайлап сөйле — дедім оған тайсалмай қарап. — Сен Ыбыштан артықпын деп отырсың ба? Ондай әйелге қолың жетпесе, боркемік, жасықтығыңнан гөр! — Мәссаған! Сонда Ыбыш қызды өткірлігімен, батылдығымен түсірді деп ойлайсың ба? Әкесі Тұрымбет

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47