екеуміз үйге қайттық. Батып бара жатқан күн сәулесі екеуміздің көлеңкемізді серейтіп-серейтіп көрсетеді. Салтанат көлеңкесін менің көлеңкеммен теңестірмек боп аяғының ұшымен жүреді, енді бірде тәлтіректеп жолдан шығып кетеді де «сен итеріп жібердің» деп маған жала жабады. Ал, кінәлі емес екенімді дәлелдеп берген соң «құлап бара жатқанымды көріп тұрып неге ұстамайсың» деп мені тағы тұйыққа тірейді. Өстіп келе жатып: «Қайыркен, таңертең қойларды өріске мен айдайыншы» деді. «Жарайды» дедім оның ұсынысына біршама таңдана тұрсам да. «Не, жайлауды көрмей жүр ме едің?» «Көрдім ғой, бірақ таңертең қой айдап шыққан тамаша!» «Қалауың білсін». Біз үйге де жеттік. Апам моторшы жігіт шаршап келеді деп киіз үйдің көлеңкесінде еттің қамырын асығыс жайып жатыр екен. Сыпыраны төңіректеп жүрген тауық балапандарын «кіш-кіш» деп қолын сермеп, дембіл-дембіл үркітіп қояды. Моторшы жігіттің жоқ екенін көріп ол кісі: «Өйбай-ау, әлгі бала қайда?» деді таңдана. — Кетіп қалыпты, — деп Салтанат менен бұрын күле жауап берді. — Орталықта қызы күтіп отыр екен дейді. Соған асығып кетіпті. — Ой, тоба-ай, — деді апам ернін сылп еткізіп. — Бұ заманның қыздары күтеді әні. Қарны ашып келеді деп шала бүлініп жатысымыз мынау… Ал, ана су тартқышын қашан орнатады екен? — Оны Қайыркеннің өзі құратын боп отыр, апа. Ағаштарын қадап, дайындап қойыпты. — А, неғыл дейді құдай-ау! Ол сенің қолыңнан келе ме? — Келмегенде… Онда тұрған не бар, — деп қойдым даусымды нықтай түсіп. — ЬІбыштар келгенше Салтанат екеуміз-ақ дайын қыламыз. Бұдан соңғы апамның мені айналып-толғануын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мотор құра алатын қара баласынан да айналды, оған жәрдемші ақсары келінінен де айналды. Бәріміз көңілді жүрдік. Бізбен қосылып кейде апамның да бала боп кеткісі келеді. Үйде әкем мен Ыбыш болмаса, осылай бір жаймашуақ боп қалатын жайымыз бар. * * *
Таңертең орнымнан тұрсам үйде ешкім жоқ екен. Апам мен Салтанаттың төсектері тап-тұйнақтай боп сандық үстінде жиналып қапты. Өз отауларында жалғыз ұйықтауға қорқып, Салтанат апам екеуі қатарласып жатқан. Мен тез-тез киініп сыртқа шықтым. Күн енді ғана көтеріліп келеді екен. Апам есік алдында ертеңгі шай қамына кірісіп, самауыр жағып жатыр. — Тұрып қапсың ғой, жата тұрмадың ба? — деді апам самауырдың астын шұқылап жатып, — сүрлігіп бара жатқан тірлік жоқ қой. — Түске шейін ұйықта дейсің бе енді. Салтанат малды айдап кеткен бе? — Иә. Қайыркен ұйықтай тұрсын, мен-ақ жайып келейін деп кетті. Апамның «тамақ іш» деп бәйек болғанына қарамай бір кесе айранды сіміріп салдым да, құдық жаққа тарттым. Өткір күректі қолыма алып, шұқыр қазғалы еңкейе бергенімде, сонау Қаратұмсықтың ар жағынан созыла шыққан әйел даусы естілгендей болды. Демімді
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47