ішіме тартып, тына тыңдадым. Таңғы ауаның толқынымен әлгі дауыс тағы бір естілді де, қайта өшті. Мен бойымды түзеп, қимылсыз қалдым. Бұл жолы ұзақ, әрі созыла шықты. Ол үн әлдеқалай бір әсем әуенді еске түсіріп кеткендей болды. «Қандай ән еді?» Алға қарай бірнеше аттап, биіктеу дөң басына шықтым. Әлгі дауыс дірілдеп ап-анық естілді. «Ән ғой бұл! «Гауһар тас». Ол Салтанат болды ма сонда? Әрине, одан басқа, пері болмаса кім бар ол жақта?» Мен жұмысты тастай салып, Қаратұмсық жаққа жүгіре жөнелдім. Аршабайдың таңғы самалы бетті аймалап, қоңыр көйлегімді жел кеулей жөнелді. Жол жиегіндегі шаң сіңген бүргендерден ақ тозаң бұрқырап қалып барады. Аяғымның астындағы кепкен шегірлер мен қурайлар шытыр-шытыр сынып жатыр. Қатты жүгірген сайын гулей түскен жел әлгі үнді маған қайтып естіртпей қойды. Ентігіп, аз-кем кідірдім. Дауыс жаңағыдан гөрі ашығырақ естілді. Тағы ілгері ұмтылдым. Қаратұмсыққа жақындаған сайын әлгі ән әуені де айқындала түсті. Шаршағанымды мүлде ұмытып, Қаратұмсыққа жеткен соң, қыр басына өрмелей жөнелдім. Оның шың басына шығып, үлкен қара тастың тасасына кеп отырдым да осы жерден ойпаңға көз тастадым. Төмендегінің бәрі алақандағыдай ап-анық көрінеді. Әні, анау тақыр күзге шейін қурамайтын гүл атқан құлқайырлардың арасында Салтанат жүр. Оның күлгін түсті жұқа көйлегі сол құлқайырлардың гүлімен біте қайнасып кеткен сияқты. Оның өзі де жел тербеген бадана гүлдей кең далаға еркелеп, бұлаң қаға әндетеді. Ол әнді қандай ғажап айтатын еді. Ерке мінезді, сәби сезімді менің жеңешем әнші де екен-ау! Оның дірілдеп шыққан ашық үніне мына тастар да, анау созылып жатқан кең дала да ұйып қалған секілді. Қыр басынан көтеріліп келе жатқан күн Қаратұмсық бауырынан кенет естілген әсем әнге таңданып, бір орнынан жылжымай қатып қалыпты. …Беу-беу гауһар тас, Құсни құрдас Раушан жүзін көргенде, Сәулем-ау, мейірім қанбас… Салтанат әннен өзге дүниенің бәрін мүлде ұмытып кеткен секілді. Ол бірде көк аспанға шалқалай қарап, дәл төбесінде шырылдап тұрған бозторғайдан көз алмай әндетеді, енді бірде ерке қызының нәзік үніне тамсанып, көзін жұмып, балқып жатқан кең даласын түп-түгел құшағына сыйдырып алғысы келгендей екі қолын жайып тастап, айналасына таусылмас махаббатпен мейірлене қарайды. Осы даладағы сұлулық біткен Салтанаттың кеудесіне кеп құйылып жатса, оның өн бойындағы сұлулық көмейінен ән боп төгіліп, төңіректі жаңа леп, жаңа нұрға бөлеп тұрған сияқты. Мен оның әнін қимылсыз ұзақ тыңдадым. Аршабай аспанында салтанат құрған әсем ырғақ, сазды әуен қиялыңды ғажап бір дүниеге жетелеп, жалаңаш тәніңе мың ине шанышқандай өн бойыңды оқтын-оқтын дуылдатып, еркіңді түгел тұтқындап алады. Біраздан соң Салтанат әнін бітірді. Мен маналы бері тыныс алуды ұмытып кеткен жан секілді енді ғана демімді алып орнымнан ақырын көтерілдім. Жібек торғын жел
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47