де лып етіп, құлқайыр гүлдері ырғала жөнелді, қырқа басында тұрып қалған күн де енді-енді есін жиып ілгері қозғалды. Мен қара тастың үстіне шығып «Салта-на-а-т» деп айқайладым. Ол селт еткен маралдай маған жалт қарап, екі бетін алақанымен басып отыра кетті. Артынша қайта тұрып, қалың құлқайырдың арасына еніп жоқ болды. Ол жақта да барқадар таба алмай қайта шықты да маған қарай кішкене сүйкімді жұдырығын көрсетіп қойды. Ол айтқан әні үшін ұялып, не істерін білмей жүр. Мен қырдан төмен домалай түсіп оның қасына келдім. Салтанаттың жүзі бал-бұл жанып, таңғы құлқайыр гүліндей құлпырып кетіпті. Ұшқын шашқан мөлдір жанары махаббатқа, сезімге, қуанышқа, әнге толып тұр. Қысылғаннан екі беті албырап, бірде маған, бірде төмен қарайды. — Сен… бәрін тыңдап тұрдың, ә? — деді ол бейне бір кінәлі адамдай. — Иә… — Сенің түк ұятың жоқ. Қалай ғана… Өй, ешкімге айтпашы мұны, Қайыркен, жарай ма? — Айтамын. Қазір тура апама барып айтамын. Салтанат әнші екен деймін. Өткен жолы сен де көрген түсімді апамның алдына жайып салып, өлеңімді оқып бергенсің. Енді есеп айырысамыз, білдің бе? Ол одан бетер қызарып кетті. Имек қасы дір-дір етіп, жанарына бір ұяңдық ойнап шыға келді. — Мейлі, айтсаң айта бер, — деді ол сәлден соң бұртиып. — Бәрібір мен мойындамаймын. Сөйтті де, көк орамалын маған қыр қылғандай бір маңдайына тәкаппарлана тартып, бытырап жайылып жүрген қойларға қарай кетті. Сәл ұзаған соң ұзын бір құлқайырды сындырып алып, малды үйге қарай айдады. Қойлардың бір шетін қақпайлап, онымен бірге мен де қозғалдым. Ішімнен ерке мінезіне күліп келем, сүйсініп келем. Ауық-ауық ұрлана қараймын. Қораға 40-50 қадамдай қалғанда қойларды сол жердегі қураған раң-ебелекке жауып тастап үйге беттедік. Менен қол созымдай ғана артта келе жатқан Салтанат кенет жүгіріп алдыма түсті де: — Сен шынымен айтасың ғой деймін осы, — деді мені тоқтатып. — Енді ше, айтамын. Апа, деймін, Салтанат бар ғой, нағыз әнші екен деймін. Ол кісі сонан соң саған өлең айтқызады. — Жалынамын, Қайыркен айтпашы. Мен жай… Әйтпесе түк те ән айта алмаймын ғой. Кей-ін, кейін, бір жылдай өткен соң өзім-ақ айтамын, жарай ма? Мен оның жүзіне көз тастадым. Өзі шынымен әбіржіп, қиыла өтініп тұр. Тұп-тұнық жанары келісуімді күтіп, мөлт-мөлт етеді. Оны аяп кеттім. Апамның алдында әзірге ұялтпай-ақ қояйын деп шештім де: — Жарайды, — деп басымды изедім. Ол қуанғаннан секіре жаздады. Жүзіне күлкі ойнап шыға келіп, кішкене отау үйлеріне қарай тез-тез басып жүріп кетті. Үйге кіріп, киіз үйдің алаша есігі теңселуін тоқтатқан кезде ғана мен құдық жаққа қарай бұрылдым. * * * Қаратау алқабының ақпандатқан қысы да келіп
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47