ГАУҺАР ТАС

әкемнің сөзін әлденеше рет естігенмін. Міне, бүгін де үнсізбіз. Анадай жердегі сықырлауық ағаш кереуеттің үстінде бәтес көрпені айқара жамылып Ыбыш жатыр. Ойына ешнәрсе кіріп шығар емес. Мен ертең оқуға жүремін. Алысқа, Алматыға кетемін. Апам айтқандай «Әзірет сұлтанның аруағы қолдап, бағым жанса түсемін, түспесем қайтып келемін. Оқымасам да күн көруге болады. Іс қып, ден сау болсын». Әкем үйде жоқ, қайда кеткені де белгісіз. Жалпы ол үлкен бір іске аттанарда мақсатын ешкімге айтпауды әдетке айналдырып, қанына сіңірген. Әйтеуір, бүгін кешке келетіні ғана белгілі, бірақ қазір түн жарымы боп қалды, неге екені белгісіз, кешігіп жатыр. Ыбыш қимылдар емес. Жатар алдында таңертең ерте тұрып, мені теміржол станциясына шейін күрең қасқамен апарып тастауға келіскен. Ол осының өзіне әрең көнді. «Ат шаршайды. Есекпен-ақ барсаңшы. Жеткен соң есекті Сопыбектің бастырмасына байлап кете сал, бір барғанда әкелерміз!» — деп күңгірлеген. Бірақ, араға апам араласып: «Мейірімсіз, олай деуге қалай дәтің барады? Қарғадай балаға жаның ашыса қайтеді. Өліп қалмас атың. Бөтен емес, інің ғой әйтеуір» — деген соң біраз үндемей отырып келіскен рай білдіріп жантая кеткен. Әне, сол бойы ұйықтап кетіпті. Көнетоз қара шабаданға бар тапқан-таянғанын салып, апам байғұс қана көбелектей шарқ ұрып жүр. «Әдірә қалғыр, мейірім бар дейсің бе бұларда. Бауыр еті жалғыз інісі алысқа кетіп бара жатқанда қайтіп қана ұйықтайды екен»… — деп, анда-санда қапалана сөйлеп қояды. Сонан соң төсекте жатқан менің қасыма келіп шашымнан сипап, бетімнен қайта-қайта сүйе береді. Сол сәтте оның көзінен жып-жылы жас бетіме тамып кетеді. Менің де көңілім босайды. Бұл — әкем айтқандай жасықтықтан емес, мен кеткен соң апама мына үйдің ішінде көңілсіз болатынын ойлағандықтан еді. Бір кезде тігулі үйдің алдынан ат дүбірі естілді. Сәлден соң үйге әкем кіріп келді. — Жатпағансындар ма? — деді ол қамшысын керегенің басына іліп жатып. Үнінде бір жылылық бар секілді. Мен қуанып кеттім. Тым болмаса, оқуға жүрер кезімде мейірімді болса екен. — Жоқ, — деп апам орнынан тұрды да ас қамына кірісе бастады. — Әуре болма, — деді әкем жай ғана. — Оны қоя тұр. Дудар бас ояу ма? (Әкем мені осылай атайтын.) — Қазір ғана жатты. Ертең оқуға жүреді ғой… Әкем қайтып ләм демеді. Күн ысымақ түгілі аспан айналып жерге түсіп кетсе де, үстінен тастамайтын тер сіңген сары күпәйкесі мен қызыл брезент етігін шешіп, менің дәл жанымдағы салулы төсекке келіп отырды. Апам да үнсіз, мен де үнсіз. Әкемнің әлдеқалай айтар жаңалығы бар секілді. Сондай кездерде ылғи осылай ұзақ уақыт тіс жармай отырады. — Дудар бас, — деді ол бір кезде салмақты қоңыр үнмен. Мен селт ете түстім.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47