жетті. Бұл жердің жаймашуақ жазы қандай жомарт болса, арқаны кеңге салып, ұзын арқау, кең тұсау жатқан кейбір шаруа иелерінің апшысын бір уыс қып тәубеге келтіріп кететін ашулы бораны да бар. Жердің оты ұшып, қарашаның ызғары біліне бастағаннан-ақ біз Аршабайдан отыз шақырым келетін Қосінген деген қысқы жайылымға көшкенбіз. Осында кеп, бел шешіп жаңа қонысқа енді бой үйрене берген шақта жапалақтап қар жауды. Бірақ ол сәскелікке жетпей-ақ дел-сал боп еріп кетті. Екі күннен соң аспанды сұрғылт бұлт қаптап, Қаратау жақтан баяу жылы леп есті. Таңертең далаға шықсам, бар маңай аппақ көрпе жамылыпты. Қыс. Ақша қар! Төңіректегі құлқайырлар мен қурайлар сидиып-сидиып үнсіз тұр. Аспан әлі бұлыңғыр. Көкем сонау беткей жақта қой айдап бара жатыр. Есік алдында қар көміп қалған ер-тоқым, алаша дегендерді қағып-сілкіп Ыбыш жүр. Осы кезде түпкі бөлмелерінен шығып келе жатқан Салтанатқа қарап: — Салтанат! Қар! — деп айқайлап жібердім. — Қар?! Қане?! — Ол жүгіріп келіп сыртқа көз тастады. Қарды көрген бетте есік алдында тұрған мені итеріп тастап, үйде киіп жүрген кебісімен далаға жүгіре шықты. — Қандай тамаша, қандай ғажап! Міне, бері қара! — Салтанат ұлпа қардан уыстап алды да, шалқалап тұрып аузына салып жіберді. — Өй, есерсоқ, — деді бағаналы бері оған «Жынды ма, сау ма» деген кісіше үнсіз қарап тұрған Ыбыш. — Қар жегені несі ол. Ауырып өлесің, кір үйге! — Өлмеймін, — деді ол уысындағы қалған қарды тағы асап. — Ал сен ойын білесің бе? — Неғыл дейді. — Ойын білесің бе деймін? — Не айтып тұр мынау, ойыны несі ол! — Кәдімгі ойын. Міне, мынадай. — Салтанат ұлпа қардан уыстап, оны сығымдап, сығымдап алды да, Ыбышқа қарай лақтырып жіберді. Ыбыш ауыр денесін тез игеріп еңкейемін дегенше сығымдалған қар оның малақайын ұшырып түсірді. — Әй, бұның не бұл, — деді Ыбыш, ашуланып. — Үйбай, бір бәле көрдің бе? Жоғал әрман! Салтанат ішек-сілесі қатып майыса күліп тұр. Ыбыштың қызараңдай ұрысқанын елейтін емес. Жалпы, мен осы уақытқа дейін Салтанаттың Ыбышқа ашуланғанын көрген емеспін. Анау болса, қозға құйылған судай қож-қож етіп кеп оған ұрысады, ал кейде, өтірік-шыны екенін білмейсің, былғауыштай жұдырығымен «осы-а…» — деп кеп талдырмаштай келіншегін қойып қалады. Әйел деген нәзік-ау, бір жерін ауыртып ренжітіп аламын-ау деген ой басына кіріп-шықса неғыл дейсің. Салтанат осындай сәттерде сәл үндемей қалады да, сәлден соң жаз күлкісіне қайта енеді. Ыбыш оған алара қарап, қолын бір сілтейді де шығып кетеді. Әні, ол қазір де Салтанатқа ұрсып тұр. — Әй, неге күлесің-ай, — дейді ол малақайын киіп жатып. — Осы да күлкі ме. Таяқ жемей тынбауға
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47