бекігенсің ғой өзің. — Адам таяқты жемейді, не айтып тұрсың өзің, — деді ол жайбарақат күле жауап беріп. — Міне, былай етіп ұлпа қардан жейді. — Ол үлпілдек қардан тағы алып, ақша қармен бірдей аппақ тістерін көрсете бір шөкімін аузына салып жіберді. Ыбыш терең бір күрсінді де: — Молдаға оқыту керек екен сені, — деп теріс айналып кетті. Қарсы алдында тұрған келіншегінің бойындағы таптырмас еркелікті, жарасымды наз бен тәтті қылықты, бұралған сымбат пен күміс күлкіні байқамай кетті. Ыбыш ұзаған соң Салтанат соңынан қарды шұбалтып ішке кірді. «Уув, ищай» деп мұздай дымқыл алақанын мойныма басқанда денем ду етіп ыршып кеттім. Ол темір пеш жанына барып ішіне қар толған кебісін шешті де, жып-жылы жұмсақ бөстектің үстіне тұра қалды. — Үйбуй, қарағым-ау, бала боп кеттің бе, желең шығып қар кешкенің қалай? Ауруға шалдығып қаласың ғой. Міне, мұнда кеп отыр, — деп апам пеш алдындағы орнын Салтанатқа берді. * * * Бір күні таңертең әкемнің атын мініп, қой соңынан мен кеттім. Жайлауға жауған анадағы қар күнде қаптаған мың қаралы қойдың тұяғымен шұрқ тесік боп, қарадай таусылуға айналған. Сондықтан, біздің қой жаятын өрісіміз де күн асқан сайын қорадан ұзап барады. Қар бетінде қылтиған шетік, кекіре жантақ, жусандар, майда шөбі араласпаған соң қуырып жеген еттей берекесі қашып, тез таусылады. Бүгін қойды сонау Қызылжар жақтағы кең жазыққа айдадым. Ол жақ мидай тегіс дала. Жорғалаған қоян мен түлкі болмаса, мал тұяғы әлі тие қоймаған. Күн бұлыңғыр. Бірақ, жайлау май тоңғысыз жылы. Соған қарағанда боран болатын сыңайы бар. Ен жайлауға сұғынып, малды қалай болса солай бей-берекет өргізе бергенді әкем жақтырмайды. Жайлауды да жөндеп пайдалан, алда қандай күн боларын қайдан білдің деп ұрысады. Сондықтан, қойларды Қызылжарға сәл жеткізбей тарта жаптым. Уақ мал үшін қорада берген тау-тау шөп пен астау-астау жемнен гөрі өз аяғымен бір-бірлеп теріп жеген күртілдек жусаны мың есе артық. Түнімен ашығып қалған қойлар бытырай жайылды. Мен де аттан түсіп тартпасын босаттым да, ауырлығы жоқ деп ала шыққан үлкен тұлыпты қар үстіне төсеп кітап оқуға отырдым. Қарны тойғанша қойлар шашырап кете қоймайды. Осы кезде сонау үй жақтан ноқаттай боп бір қара көрінді. Жаяу ма, аттылы ма ол жағын айыру қиын. Мен орнымнан тұрып, оның жақындауын күттім. Сәлден кейін әлгі нүктенің аттылы адам екені анық болды. Осылай қарай шауып келе жатыр. Тіп-тіке емес, ары-бері қиғаштай шабады. Бұл маңайға келе қоятын аңшы жоқ, Ыбыш болса түлкі қууға онша қызыға қоймайды, әкем мен кеткенде қаннен-қаперсіз етік тігіп жатқан. Бұл келе жатқан кім болды екен енді? Бір кезде аттылы кісі солға қарай бұрылып,
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47