қойнауға кіріп көзден ғайып болды. «Кім де болса түлкі қуған біреу ғой, алдынан шығайын» деп атқа тез міндім де солай қарай беттедім. Осы ойым расқа шығып, қойнаудан қылаң ете қалған атты кісінің алдынан кіп-кішкене боп түлкі қашып бара жатқанын көрдім. Жиренді тебініп, шаба жөнелдім. Айлакер түлкі ат жетіп қалғанда жалт бұрылып, ол қайта айналып келгенше демалып алады да, аңшы тақалған кезде қайта қашады. Мен де жетуге жақын қалдым. Ат үстіндегі аңшы көзіме бір түрлі таныс, бірақ ерге өте дөрекі отырған секілді. Әйтсе де, есіл-дертім түлкіге ауып келе жатқан мен, оған соншалықты көңіл аудара қойған жоқпын. Жақындап қалған екінші аттыны көріп, түлкі Қызылжарға қарай тұра қашты. Жан қысылғанда түлкі де батыр боп кетеді, жұлдыздай ағып, менің дәл жанымнан өте шықты. Аттың тізгінін бұрып соңынан шабам дегенше ол тас лақтырым ұзап кетті. Осы сәтте аңшы да қасымнан өте шықты. «Аты жүйрік екен-ау» дедім ішімнен. Сөйткенше болған жоқ, соңынан ақ боранды бұрқыратып бара жатқан Ыбыштың күреңін тани кеттім. Япыр-ау, сонда мұның Салтанат болғаны ма? Ыбыш атын қалай берген? Оның малақайы мен шолақ тонын қалай сұрап алды екен? «Салта-на-ат» дедім айқайлап. Ол қарайтын емес. Бір кезде түлкі Қызылжарға жетті де, көзден ғайып болды. Іні сол жерде болса керек. Салтанат екпінін тоқтата алмай біраз жерге шейін шауып барып, бері бұрылды да, ақырын жүріспен маған беттеді. Жақындай бергенде ол малақайын алып, «уһ» деп терең бір дем алды да, жай ғана күлімсіреді. «Қап, ініне кіріп кеткенін қарашы. Сен неге аңқиып қалдың? Түлкіге емес, маған қарадың да тұрдың, танымай қалдың ба?» — Әрине, — дедім мен. — Әлі де танымай тұрмын. Сен Ыбыштың атын қалай мініп жүрсің, ол қайтіп берді? — Ыбыш па? — деді ол сыңғырлай күліп. — Ол маған ат беруші ме еді. Түске шейін дем аламын деп жатқан. Далаға шықсам, аты ерттеулі тұр екен. Қызығып кеттім. Үйге кіріп малақайы мен шолақ тонын кидім де, біраз жүріп келейін деп ұрланып шығып кеттім. Әкем барда атқа жиі мінуші едім, көп болды тізгін ұстамағаныма, бір түрлі суып қалыппын. — Ал, түлкіге қалай кезіктің? — Үйден біраз ұзаған соң енді қайтайын деп бұрыла бергенде Бүргенді сайдан әлгі түлкі қаша жөнелді. Ары қарай шыдап тұра алмадым… Енді түсінікті ме? Мен оның күлкі мен шаттық ойнаған жүзінен көз алмай тұрып, «түсіндім» дегендей басымды изей салдым. Ол тұп-тұнық мөлдір жанарын менен тез тайдырып әкетті де, аттың қаз мойнын аппақ алақанымен шарт-шұрт еткізіп шапақтап қойды. Күреңнің екі құлағының түбі жылтырап тұр екен. Еті енді қызса керек, ауыздығын қарш-қарш шайнап, екі көзі шырадай жанып
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47