ГАУҺАР ТАС

тұр. — Ыбыш көрсе мені оңдырмайтын болды, — деді Салтанат сәл үнсіздіктен соң. Мен үндемедім. — Иә-ә? — деді тағы да менен жауап күтіп. — Іһм. — Мейлі, ұрысса ұрса берсін. Есесіне мен атқа мініп бой көтердім. Қашанғы ұрсар дейсің. Бір күні қояды. Тіпті: «Салтанат, мына атпен серуендеп қайт» деп ақыры өзі айтатын болады, көр де тұр! Ал, мен кеттім. Ыбыштың ұрсуынан ертерек құтылып алайын. Айтпақшы, мә жаңғақ. Мына тонның қалтасында жүр екен. — Ол жақындап кеп кішкене уысындағы үш-төрт жаңғақты алақаныма салды. Саусақтары ұядағы балапандай жып-жылы екен. Ал, сау бол! — Ол малақайын бір бұлғап басына киді де ілгері қозғалды. Оған ер адамның малақайы да әдемі жарасады екен. Жалпы, Салтанатқа бәрі де жараса беретін еді. — Түлкі туралы Ыбышқа айтамын. Сонан соң екеулеп түтін қойып аласыңдар. — Салтанат осыны айтты да, күреңнің тізгінін тежей түсіп жортақтата жөнелді. Мен сол орнымда тапжылмай тұрып қалдым. Көз алдымнан көпке дейін оның ажарлы жүзі, күлкі ойнаған қарақаттай жанары кетпей қойды. Сыңғырлаған күміс күлкісі құлағыма әлі естіліп тұрған секілді. …Түске жақын Ыбыш келді. Тепеңдетіп есекпен келді. Ол атын ешқашан қойға мінбейтін. Маған да, тіпті әкеме де мінгізбейді. Қасыма таянған кезде жүзіне көз тастадым. Екі беті жауатын бұлттай түнеріп, түтігіп кетіпті. «Үйге бар, көкем шақырып жатыр», — деді. Үнінде қапа бар, ашу бар. Оның Салтанатқа ашуланғанын сезе қойдым. Сондықтан «не болды, неге ашуландың?» деп сұраған жоқпын. «Атқа мінесің бе?» деп едім маған қарап қолын бір-ақ сілтеді. Сонан соң ілгері қозғала беріп: — Ыбыш, анау Қызылжарда түлкі… — деп міңгірлей бастағанымда ол сөзімді оқыс бөліп жіберді. — Құрып қалыңдар сендер түлкілеріңмен. Жоғал үйге! — деді айқайлап. Мен басқа сөзге келмей үйге қарай тартып тұрдым. Келсем, әкем мені есік алдында күтіп тұр екен. Атты ақырға байлап қасынан өте бергенімде мені дауыстап тоқтатып алды. — Әй, дудар бас, — деді ол зілді дауыспен. — Қүреңмен түлкі қуған сен бе? Сол сәтте олардың түлкіні Салтанат емес, мен қуды деп ойлағандарын сезе қойдым да мүдірместен: — Иә, — дедім төмен қарап. — Бәсе, айтып ем-ау. Келін саған атты шығарып берген ғой? — Иә. — Сен есіріктеніп түлкі қудың? О, түлкімен бірге кеткір-ау, сонымен қосылып, сол інге неге кіріп кетпедің! Есіл атты ерге қажатып қор қылғаның не? Адам болмайсың сен. Қой деп келінге басу айтудың орнына «атты әкеп бере қал» деп жарбаңдап қоймағансың ғой. Желігіп ол да, «мақұл» деген. Ай, өстіп күйдіресіңдер ғой, өстіп қажытасыңдар ғой адамды. Ойбай-ау, бір түлкі емес он, жүз түлкі қусаң да ана астыңдағы ат неңе жетпейді

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47