сенің, үстінен сыпырылып түсіп қаламын дедің бе? Тұрған жеріңде осы!.. — Әкем қамшысын жоғары көтеріп барып төмен түсірді. Оның қимылын көрмеген адамша жасқанбай тұра бердім. Сонан соң ол біразға дейін үнсіз тұрды да, қамшысын саптама етігінің қонышына тығып, ат қора жаққа кетті. Мен ішке кірдім. Пеш алдында ұршығының ұшымен ортаға салынған шоқты шұқып үнсіз апам отыр. Әкемнің маған ұрысқанын түгел естісе керек, мен жаққа жай бір қарады да, ақырын ғана күрсініп, жібін иіруге кірісті. Салтанат түпкі бөлмесінде болар, бұл жерде жоқ. — Апа, не болды? — дедім азапты үнсіздікке төзе алмай. — Неге үндемейсіз?’ Ол кісі иіріп отырған ұршығын қоя салып, терең бір дем алды да: — Шырағым-ау, ана содырдың атын мініп нелерің бар еді осы? — деді отты тағы бір көсеп қойып. — Тып-тыныш отырған үйді азан-қазан қылды ғой. Ана келін байғұсты шырқыратып… — Не дедіңіз! Ол Салтанатты, ұрды ма? — деп шыдай алмай апамның сөзін бөліп жібердім. — Иә… Мен ішкі бөлмеге жүгіре кірдім. Ағаш кереуеттің үстінде ала шайы көрпені тұмшалап жамылып Салтанат жатыр екен. — Салтанат, — дедім, қасына жетіп келіп. Ол жауап бермеді. «Салтанат» дедім тағы да. Ол алақанымен бетін басып, жылап жатыр екен. Оның жылағанын алғаш рет көрдім. Жүрегім езіліп кеткендей болды. Салтанат көз жасын маған көрсетпеуге тырысып, көрпесін қайта жамылды. Оттай ыстық демі қолымды шарпып өтті. — Салтанат, айтшы Ыбыш сені ұрды ма? Айтшы, ұрды ма деймін? Ауызғы үйден апам: «Несін сұрай бересің мазалап. Білмей тұрсың ба?» — деді. Мен Салтанаттың көрпесін тез ашып, сол бойда қолын көтеріп қалдым. Денем ду ете түсті. Көзінің алды көгеріп, оң жақ бетінде білемдей боп қамшының ізі қалыпты. Мен оның көрпесін қайта жаптым да, орнымнан дірілдей көтерілдім. «Мейірімсіздік қой, мейірімсіздік қой бұл!» — деп айқайлап жібергенімді аңғармай қалдым. Сол бойда ауызғы үйге жүгіре шықтым да, «сұмдық-ау, мынау қайтпекші! — деп орнынан ұшып түрегелген апамның сөзін де тыңдамай, ет жіліктейтін өткір пышақты алып далаға атыла шықтым. Ат қораға ене бергенімде, қарсы алдымнан әкем щыға келді. — Жын қуды ма, қайда барасың? — деді ол мені тоқтатып. Сөйтіп тұрғанда оның көзі қолымдағы пышаққа түсе кетті. – Әй, мынауың не, оны қайтпексің?! — Адамнан артық санайтын ат болса, жарып тастайын. Мені өлтіріп көрсін! — Далбасалама. Адамнан атты артық санап отырған кім бар? Бұтыңдағы шалбарың қандай тар болса, басыңдағы ақылың да сондай тар-ау. Әкел бері ананы! — деп әкем менің қолымды қайырып жіберіп, пышақты алды. Сөйтті де жайбарақат қонышына салып қойды. Алпыстан асса да өзі қайратты-ақ, және онымен қарсыласуға қақым да жоқ
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47