ГАУҺАР ТАС

қой. — Атты жарып, ашу қайтармақ болғаның ғой бұл. Біреуің –ішкен асы мен шапқан көкпары, баққан қойынан өзгені білмейтін тұйық мінез содыр болсаң, біреуің – шыныдай шыртылдап, ақылды ашуға жеңгізіп пышаққа жармасатын таяз болсаң, қайтіп қартаймассың, қайтіп қажымассың. Мен өлсем, менен кейін екеуіңнің қырқысып өлетін түрлерің бар ғой, түге. Жыл асқан сайын есейе ме десем, есеңгірейді. Ал, атты жарып өлтірдің, сонымен не тындырасың? Болары болып, бояуы сіңген уақиғаны сонымен сылып тастамақсың ба? Түк те өнбейді. Қайта оны өзіңе өшіктіресің. Ары кетсе бес-алты күннен кейін қайта жарасып кететін екеуін ұшқалақ мінезіңмен мәңгіге суытып жібересің. Әйел – соныкі. Ұрар, ұрысар, татуласар, қайда барады. Бүгін ағаңмен жағаластың, ал ертең өздері-ақ татуласып кетеді. Сонда қарадай жерге кіріп кетпейсің бе? Тірліктің осы жағына да ой жіберіп қарасаң қайтеді, Жұмаш мылқау тәрізді жоқтан өзгеге пышақ ала жүгірмей. Көрерміз сен үйленгенде қандай болатыныңды. Ыбыш қайта әйеліне дегенін істетіп, керекті жерінде қамшы көтере алады. Сенде ол да жоқ, бір жапырақ шүберегіңнің ашса алақанында, жұмса жұдырығында болып, жүнжіп кетесің бе деп қорқамын. Әй, сендерге айтып не, айтпай не. Ақылыңды айтып тұрсаң, арбап тұрғандай көрінесің. Бар, жөнел үйге состимай. — Әкем қолын бір сілтеді де, әлдеқандай бір тоқым, қапшықтардың қатқан мұзын қаға бастады. Мен сол орнымда ұзақ тұрып, білдірмей кейін шығып кеттім. Иә, әкемнің осы сөздерінің ішінде жылтырап тұрған біраз шындық бар еді. Маған алғаш рет оның бүгінгі сөзі ой салды. Бұдан кейін атты жармақ боп пышақ ала шыққаным үшін өзімнен-өзім қатты қысылдым, сонымен бірге Ыбыштың көп мінезіне әкемнің көңілі тола бермейтінін де тұңғыш рет аңғардым. * * * Екі күннен соң Ыбыш екеуміз қора жөндейтін болдық. Мың қаралы мал сыятын үлкен бастырманың құлаған жерлерін бүргеннен тақта жасап бекіту керек. Қара нарды шанаға жегіп алып, екі-үш шақырымдай жердегі Бүргенді сайға тарттық. Ыбыш жаратылысынан сөзге сараң. Кезек күттірмес тікелей шаруа жайлы болмаса көп аса сөйлей бермейді. Әсіресе алдыңғы күнгі уақиғадан соң, ол маған өйтіп-бүйтіп ұрысуын да қойды. Айнала аппақ қар. Батыс жақтан өкпек жел соғып, аспаннан қар ұшқындап тұр. Су тартудан құтылып, диланып алған қара нар аласа шананы асық құрлы көрмей анда-санда бір бақырып алып, маймаң-маймаң басып келеді. Ішің пыспақ түгілі жарылып кетсең де осы жүрісі жүріс. Қанша ұр, тепкіле, айыр сұқ, оған мұның бәрі шот емес. Тек қамшы тиген сәтте бір бақырып, шорт кесілген жыландай шолақ құйрығын шып-шып еткізіп қоя салады. Әлгі ұрған соққыңыздың даруы осымен бітті деген сөз бұл. Жалпы, байғұс қара нарды кінәлауға да болмайтын шығар, өйткені, көзін ашқалы бері бір қойшыдан бір қойшыға өтіп, әбден шыңы шығып

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47