кезде асқа деген тәбетім ашылып кетті. Ірі-ірі етіп туралған жылқының тұзсіңді қаракесек етінен қарбытып бес-алты асап, орта кеседегі сорпаны ішіп тауысқанымда, бойым жылынып, қайраттанып қалғандай болдым. Енді кідіре берсем апам қазандағы еті мен сорпасы таусылғанша «іш, же» дей береді, сондықтан кесені өзіне ұстата салдым да далаға шықтым. Есікті сәл итергенімде-ақ ысқырған боран оны менен бұрын жұлып алып, босағаны сындырардай қабырғаға сарт еткізді. Қар ұйтқытып тұр. Түн қайратына мініп алған, дала қап-қараңғы. Дүниеде кеткен бағыты белгісіз адамды іздеп шығу қиын ғой. Жиренді қайта ерттеп мініп, үйден жиырма шақты қадам ұзаған соң, басын қалай бұрарымды білмей аңырайып біраз тұрдым да, нар тәуекел деп бүгінгі қой жайылған өріске бет түзедім. Түрт те қаш қараңғы түнде Салтанатты табармын деген берік сенімде болмасам да суға кеткен тал қармайды дегендей, алға қарай жылжи бердім. Біраз ұзаған соң боран бұрынғысынан да күшейе түсті. Бағаналы бері оңды-солды сілкілеп, есін кетіре ермек етер жан таппай тұрғандай қарлы құйын екілене соғып, бетіме уыстып жентек-жентек қар лақтырады, енді бірде бас киімімді ала қашқысы келген шалдуар баладай малақайдан тартады, одан да айызы қанбаған соң ашуланып, ат-матыммен домалатып түсіріп мыжғылап-мыжғылап алғысы келгендей қатты жел бірде қарсы алдымнан, бірде желке тұсымнан үйіріле соғады. Күні бойғы жүрістен қалжыраған жирен кейбір сәтте бір басқан жерін екі басып, сүрініп-сүрініп кетеді. Әрі бүгін жөндеп те шөпке қойылмады. Таңертең әкем берген бір дорба арпа аралас сұлымен ғана жүр. Мана, колхоз орталығынан келіп, ауыздығы енді алына бергенде, бағытсыз, бағдарсыз жолға тағы шықты міне. Шамалы қиналып келеді «фырр-фырр» деп пысқыруы жиілей бастады. Далада көп жүргендіктен бе, сірескен қараңғылыққа бойым да, көзім де үйреніп қапты. Қамыстай боп жиреннің екі құлағы, таяқ тастам жердегі сидиған қурайлар қараң етіп көрініп қалады. Ал кейде, жуандығы қамшының сабындай ғана бір құлқайыр қараңғылықты паналаған адам секілді жақындап кеп қайта алыстайды. Кейде боран арасына ғайып болып, бірнешеу боп қайта шығады. Ауық-ауық ат басын тежеп төңірекке құлақ тігемін. «У-гу» етіп ұлыған боран үнінен өзге дыбыс естілмейді. «Көкемдер ештеңе емес-ау, ер адам ғой, астарында ат бар. Салтанат қайда жүр екен. Ол жаяу ғой және. Мына тағы боранда адасып мерт болмаса неғылсын». Осы сұмдық ойға тірелген сайын денем түршігіп, атқа қамшы басып-басып қалғанымды байқамаймын. Салтанат менен таяқ тастам жерде ғана, боран өтінде есінен танып жатқандай болады, енді бірде аш қасқырдың ортасында қарсыласар қайрат көрсете алмай тұрған панасыз, дәрменсіз нәзік Салтанат көз алдыма елестейді. Ат басын сәл тежеп барымша айқайладым. «Сал-та-на-ат!» Долы боран ол үнімді аузымнан шыққан бетте қағып алып, қарлы құйынмен мидай араластырып жоқ қылып жібереді. Тым болмаса қайта естілер жаңғырық
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47