— Әу, көке. — Далаға шығып, қойларды көріп кел. Шарбақ қораны бұзып, шығып кететін жындары бар еді. Ішім әлденені сезіп, басқа бір сөзге келместен орнымнан тұрдым да, аяғыма апамның кебісін сұға салып сыртқа шықтым. Жұлдыздар жайнап тұр екен. Ай қып-қызыл боп сонау Қаратаудың ар жағынан енді көтеріліп келе жатыр. Оты сөнген ошақ басында Байқаншық жатыр. Әріде, қарауытқан төбенің бергі етегінен Сырттанның «әуп-әуп» үргені естіледі. Ойпаңдағы қамаулы қойлар мамыражай күйсеп жатыр. Қораны бұзып шығу түгілі айдасаң да қозғалар түрі жоқ. Қанша шаруақор, малжанды болса да, дәл осы жолы әкем мені шын ниетімен қойды көруге жібермегенін сол жерден-ақ білгенмін. Сондықтан, шошаң етіп үйге қайта кіруді жөн көрмей, әбден әңгімелесіп болды-ау дегенше далада жүрдім. Және ол ешқашан сары езулікке салынып отырмайды, айтарын қысқа-қысқа етіп ақтарып салуға әдеттенген. Бір кезде үйге беттедім. Келе жатқанымды білдіріп, тамағымды бір кенеп алдым да, киіз үйдің алаша есігін айқара ашып ішке кірдім. «Не сөйлесті екен? Мен естімеуге тиісті қандай сөз болды ол?» Табалдырықтан аттай бергенде әкемнің қарсы алдында малдас құрып отырған Ыбыштың еңгезердей денесін көрдім. Оның ұйқысы әлі жөнді ашылмаса керек, ішке кірген маған бұрылып қарағанда қабағы ісініп, көз еттері білемденіп тұр екен. Ұстарамен кеше ғана тықырлап қырдырған басы күңгірт шам сәулесінің өзімен-ақ қозғалған сайын жылт-жылт ете қалады. Шамасы, айтылар сөз айтылып бітсе керек. Ол мен ішке енген кезде: «Қайтеміз, мейлі енді» деп күңк етіп орнынан тұрды да, төсегіне барып жатып қалды. Маған бәрі жұмбақ. «Ол не?» — деп сұрауға батылым жетпеді. Сол жұмбақ әкем мен Ыбыш ұйықтаған соң ғана шешілді. Түн жарымы ауғанда апам қасыма келіп, болған жайдың бәрін сыбырлап айтып берді. …Сонымен Ыбыш үйленетін болыпты. Бұл мен ешқашан күтпеген, тіпті үш ұйықтасам ойыма кіріп шықпаған жаңалық еді. Әрине, Ыбыштың ерте ме, кеш пе әйтеуір бір кезде әйел алып, отау тігетінін білетінмін. Бірақ оның үйленетіндігі туралы хабар дәл осылай аяқ астынан шығып, мен даладан үйге кіргенше, барлық мәселе шешіліп бітерін күтпеп едім. Және оның: «Қайтеміз, мейлі енді» деуі құлағымнан таң атқанша ызыңдап кетпей қойды. «Сұмдық-ай, неткен мінез? Адамда толқу, тебірену деген болмай ма, деймін ішімнен аспандағы ақырын ғана жылжып бара жатқан жұлдыздарға ашық түндіктен қарап жатып. — Ол үйленеді ғой. Ғұмырлық жар сүйеді, оған жас өміріндегі осындай ұлы өзгерістің өзі қой жоғалғандай әсер етпегені ме? Былтыр қыста екі саулықты қасқыр жеп кеткенде бұдан гөрі қаттырақ толғанып еді ғой. Қарашы әне, ештеңе болмағандай бейғам жатыр. Япырмай, шынымен ұйықтап кетті ме екен ол?» Мен жеңешемнің болуын армандайтынмын. Табан астынан бола кеткен бұл тілек алғашында қатты таңдандырса да дәл қазір
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47