даусы емес пе?» Осы ой есіме сап етуі мұң екен, жүрегім қуаныштан лүпілдеп сала берді «Тфшәу-тфшәу» дедім айқайлап. Мұндай кезде адамның өз дауысы өзіне ес болады екен. Әлгі үрей бойымнан ыдырап кеткен секілді. Менің тфшәулеген үнім бітер-бітпесте-ақ, адам даусын естіген қойлардың шуылдай маңырағаны естілді. Жарықтық мал да адам секілді-ау. Олар да қорқып, олар да қуана біледі. Менің үнімді естіп шуылдай жөнелгенін қарашы. Қалтамнан сіріңке алып шағып қалғанда қорған түкпіріне тығылысып тұрған бір топ қойлардың көздері шыныдай жылт-жылт ете қалды. Ал, есік жақ бұрыштан әлдененің ұзыннан түсіп, қимылсыз жатқанын көрдім. Жүрегім тағы тулай жөнелді. Қолымдағы сіріңке өшіп қалды. Екіншісін алдым. Оның басы жарқ етіп барып ұшып түсті. Үшінші шиді жағып қарағанымда оның тұлыпқа оранып жатқан адам екенін білдім. «Салтанат» деген сөз басыма сап ете қалды. Сол сәтте-ақ «Салтанат» деп оны құшақтай алдым. Үстін қар көміп қапты. Менің, дауыстағанымды да, көтеріп алғанымды да сезер емес, қимылсыз. Ешқандай үн жоқ. — Салтанат, Салтанат, — деп оны жұлқып-жұлқып қалдым. Қараңғыда ол көзін ашты ма, жоқ ашпады ма, ол жағын көре алмадым. Әйтеуір, оның түсініксіз үн қатуы бағаналы бері оны өліп қалды ма екен деп, сол ойымнан не істерімді білмей есеңгіреп тұрған маған орасан зор қуаныш тастап кетті. Сол қуаныштан алқынған жүрегім аузыма тығылып, «тірі екенсің ғой, тірі екенсің ғой әйтеуір» деген сөздерді күбірлеп тынымсыз қайталай бердім. Дәл осы моладан қойларды да, Салтанатты да табамын деп әсте ойламап едім. Тіпті оған қол созым келіп тұрып қайтып кете жаздадым-ау! Дәл қазір Салтанаттың үстіндегі ауыр тұлыптың қарын сілкілеп, тастай боп сіресіп қалған қолдарын сипалап жатып, осылай қарай қаңғалақтатып айдап келген, адастырып келген белгісіз тағдырға іштей алғыс айтумен болдым. Сәлден соң оны атқа мінгізіп үйге қарай бет түзедім. Арғы-бергісінен суық өтіп кеткен Салтанат қатты әлсіреп қалған екен. Менің қойған сұрақтарымның бір де біріне жауап қатпады. Боран әлі ұйтқи соғып тұр. Аузыңды ашсаң көмейіңе қар толтырып кетеді. Біраз жүрген соң Салтанаттың бойы жылынайын деді ме, аяқ қолын қимылдатқандай болды. Оралған тұлыпты бір қолыммен жайлап ашып, бетіне құлағымды тигізіп көрдім. Жып-жылы екен. Дір-дір етіп демалғаны сезіледі. Жүрегім тағы лүпілдей түсті. Үйге жеткенде әкем де жаңа ғана келіп, Салтанаттың жоқ екенін естіген соң далаға қайта шыққалы отыр екен. Мен Салтанатты көтеріп кіріп келгенде, апам екеуі орындарынан үрейленіп, үдере түрегелді. Өліп қалған екен ғой деп ойласа керек, апам сол сәтте-ақ айқайлап жылап жіберіп, пеш жанына апарып жатқызған оның үстіне құлай кетті. Әкем құп-қу, төмен қарап үнсіз тұр. — Аман ба, шырағым-ау? — деді сыбырлағандай дір-дір етіп. — Иә, аман. — Әлсіреп жатқан
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47