ГАУҺАР ТАС

адамды одан бетер ездің ғой. Алдымен біліп алмай ма екен, — деді баяғы өктемдеу үнмен. Салтанаттың тірі екенін біліп апам қуаныштан тағы жылады. Қас пен көздің арасында сап еткен қайғыны қуаныш қуып шығып жатқан осындай абыр-сабыр кезде мен әкемнің тұңғыш рет аузынан шыққан «шырағым-ау» деген сөзін іштей қайталаумен болдым… Бірер сағаттай уақыт өткен соң Ыбыш та келді. Суықтан екі беті қап-қара боп түтігіп кетіпті. Салтанаттың қой іздеймін деп өлі мен тірінің арасында үйге енді ғана жеткізілгенін естігенде, ол селт ете түсті. Бірақ бізден ұялды ма, әлде әкемнен қаймықты ма, әйеліне жан ашу білдірген ішкі сезімін сыртқа шығара қоймады. Қалың қабағы салбырап, темір пеш жанындағы бір қап ұнға сүйеніп көпке дейін үнсіз тұрды. Бәлкім осы сәтте ол көрпеге оранып ессіз жатқан нәзік әйеліне өткен жолы аяусыз жаза қолданып, бет-аузын көгерте қамшылағаны үшін іштей опынып, оған жаны ашып отырған шығар. Бәлкім, келіншегінің кішкене кеудесінде еркелік пен бірге намысшылдықтың да бұғып жатқанына нақ осы бір сәт аздап болса да ой жіберген болар. Әйел затына еркелетіп сөз айтып көрмеген, олай етуді өз бойына ар санап, еркектік намысты қатын алдына жығып беру деп ұғынатын оның анау алып кеудесіндегі қос жұдырықтай жүрегі, кім біледі, дәл қазір қанмен сіңген ол қасиеттің бәрін қас қағымға ғана ұмытып, хал үстінде жатқан сүйкімді әйелінің қасына барып, ең болмаса «қалайсың?» деп бір ауыз тіл қатуды қалаған шығар. Бірақ, олай етуге, о-о, атай көрмеңіз, Ыбыштың еркі жібермес еді. Ол өзін қашан да берік, қатты ұстап үйренген. — Ей, әлі шешінбепсің ғой, нағып отырсың сұңқиып? Есің дұрыс па өзіңнің! — деген әкемнің дауысы кенет естілгенде, Ыбыш басын кегжең еткізіп көтеріп алды. Сол мезет тобылғы сапты қамшысы жерге түсіп кетті де, ол оны жалма-жан көтеріп алып, тез-тез сырт киімдерін шеше бастады… …Салтанат төсек тартып бірнеше күн бас көтермей жатты. Ыстық сорпадан басқа ешнәрсе татып алмайды. Оның өзін де апамның: «Енді аз ғана, енді бір ұртташы» деуімен жүріп бір кесесін әзер тауысады. «Суық өткен ғой, біраз күннен соң тәуір боп кетер» деп бәріміз де оның бұл жатысына асқан қауіппен қарай қойғанымыз жоқ. Өйткені, үйге әкелген күннің ертеңіне-ақ Салтанат кәдімгідей сөйлеп, «Тез арада тәуір боп кетемін, қорықпаңыздар. Қазір жақсымын» деген соң, тіпті, қойларды қалай тауып, ойда жоқта кездескен қорғанға айдап кіргенін (Салтанат оның мола екенін білмейтін), сол жерде боранның аздап саябырсуын күтіп отырып суыққа тоңып әлсіреп кеткеніне шейін айтып бергеннен кейін, шынында біз тыныштала бастағанбыз. Ал, Салтанаттың жөтелі жиілеп, реңі қашып бара жатқанын байқаған соң, шын мәнінде қорқа бастадық. Апам ескіден қалған ем-домын істеп, кешкілік ұшықтады,

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47