адыраспан тұтатып, ақ тауықпен аластады, дермененің суы мен жылқының майын ішкізді. Бірақ оның бәрі де еш нәтиже берген жоқ. Соған қарап әкем мен апам Салтанаттың бойындағы сырқат суық өткендіктен емес, моладан тиген салқын деп топшылады да, мені «молда шақырып келдің» астына ала бастады. Бірақ мен оған көнбей, колхоз орталығына барып, Сапарбай докторды атқа мінгестіріп әкелдім. Оны-мұны көргені бар кексе дәрігер Салтанаттың өкпесіне суық тигенін, сонымен қатар қатты қорыққандықтан жүрегі қабынбалы болғанын ажыратып берді. «Дегенмен, аса қауіпті емес, қорықпаңыздар» деп ол бізді тыныштандырған болды да, өзі үйде екі күн жатып емдеді. Кетерінде бірнеше күнге жететін дәрі қалдырып, тағы келетіндігін айтып қоштасты. Бір айдан соң Салтанаттың жөтелі басылып, бұрынғыға қарағанда тәуір бола бастады. Тағы бір ай өткен соң ол едәуір сауығып, үй тірлігіне араласты. Осы кезге шейін қар еріп, көктем лебі білініп те қалды. Оңтүстіктің көктемі қар астында ғана жатады. Бір күні Қаратау жақтан Алтын күрек желі соғып берді де, ертеңіне кешке дейін тұсарлықтан келетін кіріккен қатты қарды іріген айрандай тоз-тоз етіп сай-саланы сырылдаған ботана суға толтырып кетті. Түнге қарай жылы жаңбыр жауып, таңертең буалдыр тұман түсті. Көкірекке қуаныш пен сезім сеуіп, селдіреген қара жер ғана қалды. Табиғаттың қатал мерзімін атқарып салған кең дала қалжырап жатыр, талықсып жатыр. Осы күнді көптен асығып күткен бозторғайлар бір-бірінен сүйінші сұрап, ана қыр мен мына қырдың арасын талмай кезіп жүр. Ат шаптырымдай жерде осы аймақтың ақылшы иесіндей боп Қосінген төбесі момақан пішінде іштей күлімсіреп қана жатыр. Түстен кейін тұман серпіліп, мейірлене күн шықты. Тау мен даланы, қырат пен ойпаңды көктем лебі аралап кетті. Ол леп жан-жануар мен адам кеудесін де кеулеп, жүрекке жаңа сезім, жаңа нұр ұялатып, ішкі сарайды алашадай бір сілкіп кетті. Сөйтіп былтырғы бақытты көктем қайта келді. Бірақ Салтанаттың осы маңайға сән берген жаз күлкісі қайта оралмады. Көктемгі қой төлдеу басталып, тақияңды жөндеп киюге қол тимейтін дүрбелең кезең жетті. Құлқын сәріден басталатын аласапыран жұмыс қас қарайғанша бір бәсеңдемейді. Кешке қарай өзегің талып үйге сүрініп, сүрлігіп келесің. Мен сондай кездерде де есіктен аттай бере Салтанаттың жүзіне қараймын. Оның ернінен күлкі, өн бойынан былтырғы еркелікті іздеймін. Әрбір кеурек түбінде туып қалған қойлардың қозысын теріп жүріп те соны ойлаймын. Кешке үйге барғанда ол көңілді болса екен деп тілеймін. Бірақ ол тілегім, ол үмітім есіктен кіре бергенде от шарпыған гүлдей солып сала береді. Бір күні үйге шаршап келдім. Салтанат жалғыз өзі уыз пісіріп отыр екен. Мені көрген соң жай ғана күлімсіреп қарады да: «Уыз жейсің бе?» — деді. «Әкеле ғой». Ол орта кесеге толтырып, әлі қата қоймаған балдай
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47