ГАУҺАР ТАС

уызды ұсынды. Бір-екі қасық ұрттай бергенімде: — Сен маған ренжіп жүрсің бе, Қайыркен, — деді мақпалдай жұмсақ үнмен. — Жоқ. О не дегенің! Мен саған ешқашан, ешқашан ренжімеймін. Әйтсе де, маған бір-ақ нәрсе түсініксіз. Сен неге көңілсізсің, Салтанат? — Оны өзім де білмеймін. Бір түрлі, көп нәрсеге бұрынғыдай қызықпайтын секілдімін. Зауқым жоқ. Көңілденейінші деймін, күлейінші деймін. Қолымнан келмейді, әлсіз секілдімін. Ештеңе етпес, сергіп кетермін. Сонан соң бәрі де бұрынғыша болады, Қайыркен, ә?! Мен басымды изедім. Оның жүзіне қарап отырып, жүрек ауруынан әлі де айыға қоймағанын сездім. Бірнеше минутқа созылған үнсіздіктен соң, көкейімде талайдан бұғып жатқан бір сұрақты қоюға бекіндім. — Салтанат! – Әу. — Айтшы, жасырмай айтшы. Сен… сен Ыбышты ұнатпайсың ба? Бұл сұрақтан ол шошып кетер деп ойлап едім, бірақ, үнсіз қалды. Әлден соң терең бір күрсінді де, мөлдіреген жанарын маған тура қадап тұрып: — Е-е, Қайыркен! Оның бәрі саған түсінікті емес пе, — деді жанарын қайта төмен түсіріп. — Мен жар сүюден бақытты емеспін. Қосылмай тұрғанда Ыбышты үш-ақ рет көрдім ғой. Бірінде – ол қарсы жолығып, қасындағы кісілермен әлдене жайлы сөйлесіп қала берді. Екіншісінде — біздің үйге көкпар әкеп тастағанда, үшіншісінде — айттыра келгенде. Енді ақталып қайтейін, алғашқы кезде бір түрлі жылы көрінді. Және оның бойында ерге тән қаталдық, батылдық, жігерлілік жатқан секілді еді. Бірақ оның бойында біріншісі ғана бар екен… Міне, Қайыркен, сола-ай-й! Әйтсе де мен енді басқа жақтан бақыт іздемеймін. Іздеп барып дәл үстінен түскен бақыттың маған керегі де жоқ. Мен ол бақытты қиын жерден іздеймін, жоқ жерден іздеймін. Өмір сонысымен қызық, сонысымен мағыналы. Есіңде ме, Қызылжардың жанында саған: «Салтанат, мына атпен серуендеп қайт» деп өз атын ақыры бір күні Ыбыштың өзі беретін болады деп едім ғой. Міне, мен ақыры сол дегеніме жетемін. Содан соңғы өмір бұдан да тәтті, бұдан да тамаша болады. Сен үйленесің. Ол, сөз жоқ әдемі, ақылды, ерке болады. Сендерге біздің үйдің жанынан бөлек үй тігіп береміз. Сонан соң менің апам мен сіңлімді де көшіріп келеміз. Сөйтіп, бәріміз адам қараса қызығатындай, тоймайтындай тәтті тұрмыс құрамыз. Салтанаттың бал қиялы мені еліктіріп әкетті. Әлгінде аяғымды әзер көтеріп, шаршап келгенімді ұмытып кеттім. Оның кеудесіндегі өмірге деген тәтті арман, уыз қиял, жігерлі шешім мені өзіне бұрынғыдан да баурап алды. Мен оны бұрынғыдан да жақсы көріп кеттім. Екеуміздің әзірге әңгімеміз осымен бітетін бе еді, әлде тағы жалғасар ма еді, үнсіз отырған шақта үйге апам кіріп келіп: — Ай, қараңғыда қайтіп тамақ ішіп отырсыңдар шам жақпай, — деп лып еткізіп сіріңке шағып жіберді. Орта кеседегі уызды ішіп қойғанымды сол

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47