ГАУҺАР ТАС

кезде ғана байқаппын. Қой төлдеу аяқталды-ау деген шақта, біз Аршабайға қайтып көшетін болдық. Ескі жайылымға қоныс аударатын хабарды естігенде Салтанат жас балаша қуанды. Қораға қой қамап жатқан жерімде дәл былтырғыдай жүгіріп келіп: — Ә, Қайыркен, Қайыркен, естідің бе, Аршабайға көшетін болдық. Жаңа атам айтты, — деді. Сөйтті де менің мойнымнан құшақтай алды. Оның бақытты күлкісін қайта көріп, жүрегім жарыла жаздады. Бір сәтке ғана мойныма оралған білегі, бір сәтке ғана шарпып өткен ыстық демі мені тұншықтырып, мас кісідей тәлтіректетіп жіберді… Сонымен Аршабайға көшетін болдық. Әкем мен апам ертерек барып үй тіге бермек боп, арбаға барлық жүкті тиеп таңсәріден кеткен. Салтанат түйеде, мен аттамын. Ыбыш күреңін жетектеп, өзі қойдың бір шетін жаяу айдап келе жатыр. Түнеукүні қой жоғалғанда күреңге өзі де мінбеген, Салтанатқа да мінгізбеген. Өзінде әйеліне деген аяушылық жоқ-ақ. Салтанат бір ай бойы төсек тартып жатқанда «қалайсың?» деп көңілін бір сұрамады ғой, сабазың. Оны тіпті қиналып жүр-ау, ауырып жүр-ау деп ойласашы. Үйде болса: «Бар, қойдың алдынан шық», «ит неге үріп тұр, көріп келші», «атқа су жылытып бер» деп дүңкілдеп қоймайды. Ал, шығып бара жатып: «Әй, шылбыр есші» немесе «күреңнің маңдайына тағатын жібек шашақ өр», «мен келгенше жақсылап тұшпара жасашы» деп кетеді. Оңаша қалғанда Салтанат: «Осы мені ойнап жатыр деп ойлайды ғой деймін шамасы», — дейтін жай ғана езу тартып. Сол Ыбыш әне, «Рр-райт» деп қойып, қойдың ана шетін қусыра айдап келеді. Анда-санда «жөндеп айдасаңшы» деп Салтанатқа жекіріп қояды. Маған ләм демейді. Бүргенді сайдағы сұрағымнан соң маған ұрысуын да қойған. Аршабайға түс ауа жеттік. Алыстан Қаратұмсықты, ойпаңдағы құдықты көргенде Салтанат алақанын шапақтап, қуанғанынан айқайлап жіберді. Қой айдап өзінің қасына кеп қалған Ыбышқа: — Ыбыш, ана қарашы, өзен көкпеңбек боп жайқалып тұр. Ана құдық басындағы Қайыркен екеуміз қойған моторды қара, ана Қаратұмсықты қара, бәрі сол күйі! — Е, сол күйі болмай біреу арқалап кетті деп пе ең. Тұрмағанда қайда барады, — деп ол қамшысымен етігінің қонышын сарт-сұрт еткізіп қойды. — Айда қойды алақтай бермей. Рр-раит! — Сен түкті де түсінбейсің, — деді Салтанат зілсіз күліп. — Мен соларды біреу арқалап кетпегеніне қуанып тұр деймісің? Ыбыш үндеген жоқ. Жалпы, ол Салтанаттың мұндай мінезіне ұрыса беруден жалықты ма, әлде, үйреніп келе ме, «сен түкті де түсінбейсің» деген келіншегінің сөзіне ашуланбады. Біраздан соң Салтанат қойдың ана шетінде жүрген Ыбышқа айқайлап: — Ыбыш, ау, Ыбыш, —деді. — О, не? — Өлең айтшы, — Ыбыш состиып тұрып қалды. — А? — деді қайталап сұрап. Өз құлағына әлі де сенбей тұрса керек. — Өлең айтшы деймін. — Өй, жын

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47