ГАУҺАР ТАС

соққан! Не деп келесің өзің, болды енді! — деп ол шырт ете қалды. Мен мырс етіп күліп жібердім. Салтанат та сылқылдап күліп жүр. Ол Ыбышты осылай ара-тұра ашуландырып алғанды жақсы көретін. «Өстіп жүріп ақыры үйренеді» деп қоятын ол мұндай кезде. Біз қойларды Қаратұмсықтың бергі бауырына тастап, апамдар жаққа келдік. Ол кісілер үйді дәл былтырғы жұрттың қасына тігіп, дайын етіп қойыпты. Салтанат ескі үй орнындағы дөп-дөңгелек боп жайқала шыққан көк шөптің үстіне кеп құлай кетті. Сол кезде мен оны қорқытпақ боп: — Салтанат, бас жағыңда жылан жатыр, жылан! — деп айқай салдым. Ол «апа!» деп орнынан атып тұрды да, жанынан өтіп бара жатқан әкемді құшақтай алды. Сөйтті де бетіне бұрқ етіп қаны ойнап шыға келіп, не істерін білмей кейін шегінді. Ұялған тек тұрмас деп: — Ата, қараңызшы, Қайыркен қорқыта береді, — деді төмен қарап. — Оның не, әй, ақымақ болдың ба? — деп әкем маған жекіп қалды. –Қорқытқаны несі ол. — Сонан соң қарсы алдында тұрған Салтанатқа қарап: — Бар, үйге барып тез су ұрттай ғой, — деді мейірім аралас жұмсақ үнмен. Келінінің ерке мінезіне әкем де ашуланбайтын бопты. Кеудеме нәзік бір қуаныш лебі ескендей болды. Сәлден соң Салтанат қайта шықты. — Су ұрттадың ба? — дедім «кешір» дегендей оған күле қарап. — Аһа, — деді ол басын изеп. — Бір тостақ іштім. Апам сені өлтірем деп жатыр. Екінші қорқытасың ба? — Жоқ, оллаһи қорқытпаймын. Сен сұп-сұр боп кеттің ғой. Салтанаттың жаз ерке мінезі үш-төрт күнге созылды да, ашық аспанды бұлт қаптағандай кенет кілт өзгерді. Реңі солғын тартып, қинала күлетін болды. Денесі ысып, төсек тартып жатып қалды. Аршабайға кеп жайласқан соң қыс бойы ат ізін салмаған Амангелді бір күні апақ-сапақта машинасын дүрілдетіп жетіп келді. Кино көрсететін болды деп бәріміз улап-шулап қуанып қалдық. Ол келген бетте Ыбыш: «Алпамысты» әкелдің бе?» — деді. «Е, жоқ. Қайдағы «Алпамыс?» Ондай кино шыққан жоқ әлі». «Қандай кино шығаруды да білмейді осылар. Қайдағы бір өтірікті түсіре бергенше, Алпамысты түсірмей ме?» — деп, ол Амангелді келген сайын айтатын үйреншікті сөзін айтып, теріс айналып кетті. Ыбыш үшін Алпамыстан өткен құдіретті нәрсе жоқ. Ол басқа өлең-жыр, повесть-роман дегендеріңе пысқырып та қарамайды. Олардың не екенін де білмейді, білгісі де келмейді. Ол үшін басқа шығармалардың бәрі жалған, ойдан шығарылған, ал, Алпамыс болған. Және, басқа еш жерде емес, тура осы Қаратау өңірінде өмір сүрген. Оның үстіне ол біздің рудың батыры. «Әйтпесе, неге «Қоңырат деген елінде» деп атайды? Қоңырат бізбіз, ол біздің арғы атамыздың бірі» — деп дауласады. Үйде «Алпамыс» жырының екі-үш кітабы жатыр.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47