ГАУҺАР ТАС

Егер ол қолына кітап алып оқи қалса, соларды оқиды. Біреуін оқып болып екіншісіне көшеді. Жырды түгелдей жатқа білсе де оқиды. Оқыған сайын басын шайқап, таңданумен болады. Соны кино етіп шығарса деп армандайды. Кейде өзі көрмеген қияндағы кино қызметкерлерін: «Шетінен миы жоқтар, түк бітірмей қайда жүр» — деп шетінен сыбап боқтап алады. Амангелді келген сайын алдымен Алпамыс жайлы сұрайтыны сол. Түсіріп қалған шығар деп ойлайды. Бұл жолы сол Амангелді кино көрсетуге емес, маған военкоматтың шақыру қағазын тапсыру үшін келіпті. «Асығыспын, тез қолыңды қойып алып қал. Басқа қойшыларға да барып қағаз таратуым керек. Киноны басқа жолы көрсетемін», — деп жауынның артынан бұршақ жаудырып, біріміз түсініп, біріміз түсінбей тұрған шақта шаңдатып тайып тұрды. — Ай, мына неме жын қаққандай боп қайда кетті, әй, — деді апам далаға шығып келе жатып. — Неге кепті өзі? Күйнәсі қайда әкелген? — Апа, ол кино емес, маған повестка әкепті. Міне, бүрсігүнге шақырған. — Пәуеске дейді. О несі, құдай-ау? — Әскерге, апа. — Қой, жағың қарыссын. Қайдағыны айтатындарың не түге, не боп барасың осы! Апамды сендіру қиын болды. Ал, әбден көзі жеткен кезде егіліп жылап жіберді. Ол кісінің ойынша мен әлі қаршадай ғана баламын ғой. Тек әкем келіп араға түскен соң ғана әрең қойды. — Болды, несіне жылайсың. Жалғыз сенің балаң дейсің бе әскерге баратын. Жұрттың бәрінің баласы барып, келіп жатқан жер. Ердің борышы ер мойнына түседі. Жас емес. Қайта ананы-мынаны көріп, көзі ашылып қатайып келеді. Ауылда жүріп боркемік боп кететін түрі бар. Ақыл жағы да мол емес еді өзінде, жақсы шақырды. Бұл жаңалық Салтанатқа қатты батты. Шақыру қағазын алған кезде ол өздерінің кішкене отауларында жатқан болатын. Әлден соң мен олардың отауына енгенімде өзі көк орамалын бір маңдайына қиғаштай тартып, басын көтеріп отыр екен. — Шын ба! — деді ол маған жәудірей қарап. — Шын. Ол терең бір күрсініп, жастыққа басын қайта қойды. — Міне, енді сен де кететін болдың. Сенсіз маған қандай көңілсіз болады. Тым болмаса Ыбыштың жанына біраз өзгеріс енген соң алғанда да мен онша қиналмас ем. Білмеймін, маған ауыр сияқты. — Ол сөзінің соңын жыларманға келіп, жұтып қойды. — Қой, Салтанат, жат жерде қалып бара жақтан жоқсың ғой. Апам бар… Және қанша дегенмен Ыбыш сенің ерің емес пе. Шындығына келгенде, сен үшін менен гөрі сол қымбат болуы керек қой… — Солайы солай-ау… Сен тым болмаса үйленіп те кетпедің. Ол маған серік болатын еді. Білесің бе, мен сенің келіншегіңді жанымдай жақсы көруге тырысамын. Оны туған сіңлімнен де артық санап, ардақтайтын сияқтымын. Осылай деп кейде көзіме елестеткенде

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47