орнымнан атып тұрып, сол бір белгісіз сенің келіншегіңді құшақтап сүйіп-сүйіп алғым келеді. Егер ол болса, мен оған ештеңе де тіпті, су да әкелдірмес едім, бірақ қайда барсам да қасымнан бір елі тастамас едім. Екеуміз қосылып айлы түнде ән салар едік. Екеуміз де сені сағынып, «тез келсе екен» деп қосыла тілер ек. Оһ, шіркін сол өмір келсе бір! Білесің бе, аяулы адамыңмен айырылысу деген де жақсы ғой, өйткені соңында табысу бар. Сонда өмір бұрынғыдан да сүйікті болады. Сонда өмір сүре бергің, сүре бергің, сүре бергің келеді. Кейде мен мәңгі өлмейтін сияқты боламын, ал кейде тез өліп қалатындай сезінем. Осы соңғысы дұрыс қой деймін. Өйткені, мен өмірге өлгенше ғашықпын, өлгенше… — Салтанат, Салтанат, сен не деп кеттің, не айтып отырсың? Өлімің не? Өмірге ғашық адам өле ме екен. Қой, біз ұзақ-ұзақ жасаймыз әлі! Төніп келген өлім біздің аяқталмаған әнімізді көріп, бата алмай кейін серпіле беретін болады. Үш жылдан соң мен келемін. Оған дейін Ыбыш сен айтқандай, сен армандағандай боп өзгереді. Мен оған күн сайын хат жазып тұратын боламын. Салтанат қалжырап кетті ме, әлде өзінше тәтті арманға тағы шомып кетті ме, үнсіз қалды. Екі күннен соң әкемнің атына мініп, Қалаш станциясына жеттім де, атты сол жердегі бір таныс үйге қалдырып, поезға міндім. Соғыс комиссариатында өзім секілді өрімдей жастар қаптап жүр екен. Бірінің әкесі, бірінің анасы өз балаларының соңынан бір елі қалмай тынымсызданып жүр. Сол кезде менімен бірге үйдегілердің ешқайсысы келмегеніне қапаланғандай болдым. «Кенет алып кетсе ше? Осы бойы кете беремін бе? Тіпті апаммен, Салтанатпен жөндеп қоштасқан жоқпын ғой!» Бір кезде комиссия басталды. Түс ауа ол да бітіп, есік алдындағы қорған ішінде ду-ду сөйлесіп тұрмыз. Біреулері: «Ертең әкетеді екен. Эшалон күтіп тұрған көрінеді» десе, енді біреулері… «Жоқ, бір айдан соң алады. Бұл жолы тек түгендеп, дайындап қояды» деп көріп-біліп келгендей дауласады. Өстіп тұрған сәтте көзілдірікті қазақ майор шығып бәріміздің үйді-үйімізге қайта беруімізге болатындығын хабарлады. Бір айдан соң қайта шақыртамыз, сонда жөнелтерміз дегенді айтты. Мен бұл хабарды естігенде қатты қуандым. Бір айға шейін Салтанат сауығады ғой. Оның ауырып жатқан шағында кетуім қандай аянышты. Әрі апамның да бойы үйреніп, мен кеткенде жыламайтын болады. Үйге күн бесін болған кезде жеттім. Тұмсықтан бері құлай бергенімде есік алдына шығып қарап тұрған әкемді, апамды анық таныдым. Апам атты адамды көрген бетте-ақ мен екенімді танып, үйге жүгіре кіріп қайта шықты. Әсте Салтанатқа қуанышты хабарды естіртсе керек. Жел жұлқыған ақ жаулығын қолымен басып, маған қарай жүгіріп келеді. Мен нақ бір майданнан оралғандайақпын-ау ол кісіге. Анау кім? Салтанат қой! Иә, жатқан жерінен тұрып
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47