ол да бері қарай ақырын жүріп келеді. Екі-үш күннің ішінде мен Аршабайды да, апамды да, Салтанатты да, бәрін-бәрін сағынып қаппын. Көкірегімде сағыныш пен қуаныш сезімі тасып, өн бойымды шымырлата жөнелді. Аттың жүрісін тездетіп апама жақындай бере ерден қарғып түсіп, оның ыстық құшағына құлай кеттім. — Не болды, бармайтын болдың ба? — деді ол екі бетімнен алма-кезек сүйіп жатып. — Иә. Бір айға шейін үйде боламын. — Мейлі, мейлі. Құлыным-ай, сені сол бойы кетіп қалар ма екен деп жатсам ұйқым келмей қойды ғой. Мейлі бір ай болса да үйде тынығып, аунап-қунап кетші. Сәлден соң Салтанат жетті. Оның жүзінде күлкі бар, көзінде төңіректеген жас бар. Әкем мен апамның алдында ол мені құшақтай кетуден қысылып, ернін күбірлетіп қана амандасты. Сонан соң: «Міне, енді бір айға шейін апам екеуміз уайымсыз жүретін болдық», — деп күрсіне күліп қойды. Салтанат атты жетектеп алды. Үшеуміз есік алдына келіп бағаналы бері үнсіз тұрған әкеме таяндық. Ол менің қолымды алып амандасқан соң: — Тентектен тез хабар деп, тез қайттың ғой, не болды?— деді жүзіме көзінің қиығымен қарап. — Ештеңе. Бір айдан кейін алатын болды. — Імм. Солай де. Дұрыс. Бар, атты ақырға байлап, тартпасын босат. Ерін суыған соң ал, — деді қоңыр үнмен. — Шай-пайды ішіп болған соң Ыбышқа бар, малды айдасып келесің. Торғай шырылдағанда кеткеннен әлі жүр. Сусын ала бар. — Сөйтті де әкем түйе жегулі арбасына отырып жүріп кетті. Арба үстіндегі дөңкиген-дөңкиген қазақы қаптарды көріп, ол кісінің диірменге кетіп бара жатқанын білдім. Менің уақытша болса да қайта оралуым Салтанаттың сырқатын сауықтырып жібергендей болды. Ол былай-былай шыққанда киетін жұқа көк жібек көйлегін киіп, апаммен бірге ас дайындауға кірісті. Бозарған жүзіне қан теуіп, алғаш келіншек боп түскендегідей реңі бал-бұл жанып шыға келді. Оның көңілі сергіп, сауығып кеткеніне апам өзінен-өзі күбірлеп қуанумен болды. Бір кезде Салтанат далаға шығып кетті де, әлден соң өздерінің отаулары жағынан «Қайырке-ен!» деп саңқ ете дауыстағаны естілді. — Не, — дедім апамның қасында отырып. — Бері келші. Тез-тез. Мен апама қарадым. Ол кісі «бара ғой» дегендей жай ғана езу тартып, басын изеді. Оның неге шақырып тұрғанын білетін секілді. Мен отау үйге жақындай бергенімде Салтанат: — Көзіңді жұмып кір, — деді. — Саусағыңмен баспа, алақаныңмен бас немесе сығалап көріп қоясың. Мен көзімді алақаныммен басып ішке кірдім. — Бері, бері. Абайла, алдыңда жез шылапшын, тұр. Тағы, тағы. Солға бұрыл. Енді тоқта. Ал, енді көзіңді аш! Мен көзімді ашып қалғанымда керегенің басында ілулі тұрған үкілі шақпақ бөрікті көрдім. Таң алдында ашылған қызғалдақтай қызыл барқыттан тігіліп, айналасына сыңғырлаған күміс теңгелер
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47