қадалыпты. Салтанаттың сырқаттанып жүрсе де әлдеқалай бір қызыл матаға өрнек салып, өзінің желеткесі мен шымылдықтарының жиегінен күміс теңгелер қиып алып жүргенін көріп қалғаным бар еді. Бірақ, «ол неге керек?» — деп сұрауды ыңғайсыз көріп едім. Ал, қазір шақпақ бөріктің асқан шеберлікпен әсем тігілгеніне сүйсіне тұрсам да, оны маған үлкен бір жаңалық ретінде не үшін көрсетіп тұрғанын түсіне алмадым. — Қалай, ұнай ма? — деді Салтанат қос жанарында қуаныш оты жайнап. — Сен кеткелі бері бар бітіргенім осы ғана болды. — Аһа, өте тамаша! — дедім Салтанаттың «ұнады ма?» дегеннен гөрі «ұнаған шығар» деген сезімді жария етіп тұрған жүзіне қарап. — І-і, бірақ… мұны кім киеді?.. — Кім киеді? — Қыдырғанда, тойға барғанда сен киесің. Саған үкілі бөрік тамаша жарасуы керек. — Жоқ, таппадың. Мен емес. Білесің бе, мұны сенің келіншегің киеді. Мен соған арнап тіктім. — Менің… келіншегім?! — Иә. — Сен оны қайдан шығарып жүрсің? Менің кімге, қашан үйленетінім де белгісіз ғой. Және ол мұндай бөрікті кие қояр ма екен? –Киеді, несі бар. Кимесе осылай ілулі тұра береді. Бұл тек менің екеуіңе арнаған ескерткішім. Апама да ұнаған. — Сен мұны апама да көрсеттің бе? — Оның несі өрескел? Атама да көрсеттім. Ол кісі қолына алып, ары-бері қарап тұрды да: «Әдемі екен. Тілеуіңе жет, қарағым», — деп арқамнан қағып қойды. Ал сен, «ол кимейді» дейсің. Онда мен ренжимін. Шынында да Салтанат бұртия қалды. Осы өкпелегенінің өзі оған керемет жарасатын еді. Әрі күлкіңді келтіріп, қойған талабына «ал жарайды» деп келісе кеткеніңді өзің де байқамай қалатынсың. Бұл жолы да дәл солай болып: — О, жоқ, Мен неге… Мен қуанамын. Ол киетін болады, сөз жоқ, киетін болады, — деп жауап бердім. Салтанат алақанын шарт еткізіп, үйден жүгіре шықты да, тамақ жасап жатқан апамды барып құшақтай алды. Оның кемеліне жаңа толған жас қыздай апамды ұзақ құшақтағанын, апамның оны еркелетіп қап-қара шашынан мейірлене сипағанын, сонан соң будақтаған көк түтіннің жанында екеуінің әлдене туралы беріле сөйлесіп отырғанын ашық ірге арқылы ап-анық көрдім. Бұдан кейін маған далаға шығып, апамның көзіне көріну сондай ыңғайсыз боп қалды. Бір орында өзімнен-өзім қысылып едәуір уақыт өткізгеннен кейін, ерте ме, кеш пе бәрібір ол кісімен сөйлесетінімді ойлап, сол бір қолайсыз минуттан ертерек құтылып алайын дегендей тез-тез басып үйден шықтым. Менің қатты қысылып жүргенімді сезді-ау, апам да маған қарап ештеңе дей қойған жоқ. Тек, үлкен үйге енгенде Салтанат соңымнан жүгіріп кіріп: «Сен ұялып жүрсің, ә? — деді ақ маржандай кіршіксіз тістерін көрсете күліп. — Ештеңе етпейді, қойға барып келгеніңше есіңнен шығып кетеді. Ашыма
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47