ГАУҺАР ТАС

даладағы мүлгіген тыныштыққа құлақ тігіп, кірпік қақпай жатқан шағымда маған тәтті бір қуаныш лебін әкелгендей болды. Кеудемдегі жүрегім самал тербеген қайың жапырағындай лүп-лүп етіп, болашақ жеңешемнің ақылды, ажарлы, бар мінезі әкем мен Ыбыштың мінезіне қарама-қарсы ашық жарқын болуын аңсадым. Бәлкім сонда, темір тәртіп мекендеген, салқынқандылық салтанат құрған мынау үйге бір өзгеріс еніп, көңілсіз өмірге күлкі араласар. Ол да мен сияқты қиялшыл болса бірге отырып арман қуар едік, Ыбыштың тұйық мінезіне түрткі салып, сезімін сергітуге екеулеп бір әрекет жасап көрер едік. Мен осыны ойлап қуандым. Сол қуаныш босағаны аттап кірумен бірге менің ертеңгі алыс сапарымның тас-талқанын шығарды. Ыбыштың үйленуіне байланысты әкем: «Дудар бас оқуды биылша қоя тұрсын. Келім-кетім кісі бар, күтіп алар қонақ бар, ол кеткен соң мына малды кім бағады. Келін түскен соң келесі жазда барар оқуына. Бір жыл кейін ояз болса да кештік қылмас», — депті. Мен әкемнің бұл шешіміне қарсы бола қойған жоқпын. Абыр-сабыр кезеңде айдаладағы жалғыз үй қойшыға адам қолы аса қажет болатынын түсінсем, жаман болсын, жақсы болсын, туған ағамның үш күннен кейін келіншек әкелетінін біле тұра, сол қуанышқа ортақтаспай, өз жөніммен аттанып кете беруім бүйрексіздік болар деп түйдім. Биылша оқуды қоя тұруға келіскенімді естігенде апам қатты қуанды. Оның ойынша «биыл мен әлі тым жаспын. Келесі жылы буыным қатаяды. Оң қол, сол қолымды анық танимын, сол кезде алыста жүрген мені уайымдап апам да қатты қинала бермейтін болады». Ұядағы жұмыртқа пісіп, қарғаның миы қайнайтын жаз айының от шашқан бір күнінде Ыбыш қасына екі жігіт пен тағы бір екі ақсақалды ертіп Тоғансайға жол тартты. Әдетте, әке тәрбиесінен өзгені көрмеген Ыбыш тәрізді жас жігіттерге: «Үйленесің бе?» деп сауал салғанда, көкей деген құрғырдың: «Енді ше, осы күнді сарғая күткен жоқпын ба?» деп түрткілеп тұрса да «қойыңызшы, көке» деп ұяла жауап берер еді. Ыбыш мүлде олай еткен жоқ. Мен оқуға бармайтын боп бекіген түні ертеңі әкем: «Ашып айтсаңшы, Қыжым кемпірдің қызына үйленуге қарсы емессің бе?» дегенде тоңазыған сүр ет пен майлы айранды соғып отырып: «Е, жоқ-ә, оның жаманшылығын көрген кім бар. Жақсы қыз дейді ғой» — деп шімірікпей қойып қалып, қойына жүріп кеткен. Жолға шығатын күні де қой соңынан кетті. Түс кезінде мен барып: «Үйге бар, көкем шақырып жатыр.Кісілер де жиналып қалды. Тез киін, қазір жүресіңдер’ дегенімде құлқайыр шартақтың астынан басын көтеріп маған танымай тұрғандай ажырайып бір қарады да: «Ертең емес пе еді?» —деді. «Жоқ, бүгін». «Е-е, мен ертең деп жүрсем» — деп шартақ астынан еңкейіп шықты да қолымдағы қабақты алып, салқын шалаптан қылқылдата жұтты. Ыдысты ортасына шейін еңсеріп барып, өзіме қайтарып

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47