ГАУҺАР ТАС

Сонда да саған көмек беретін адамның өте қажет екенін қазір ғана анық ұққан тәріздімін. Мен соны ойлаймын. Ойлап келіп, Салтанаттың бар екені есіме түскенде жаным тынышталады. Оның болғаны қандай жақсы болды, ә? — Імм… А, не дейсің! — деді ол артынша әлгі берген жауабының аңғарын енді байқап. — Салтанаттың болғаны да жақсы-ау? — Әй, соны қойшы… Ыбыш үнсіз қалды. Әрине ол «иә» демейді. Әйтсе де, қарсыласпағанына қуандым. Бұл — ол екеуміздің сонау Бүргенді сай уақиғасынан кейінгі ашық сөйлесуіміз еді. Осыдан соң мен Ыбышты үйге ертерек қайтарып жібердім де, өзім асықпай қойларды қораға қарай айдадым. Үйге жеткенде күн батып, саңы басылып қалған еді. Қаратұмсықтың ар жағынан дөп-дөңгелек боп ай көтеріліп келеді. Апамдар етті түсіріп, нанын салмай даладағы төсек үстінде мені күтіп отыр екен. Қойларды иіріп тастап үлкен сыпаға таяғанымда қолында домбыра ұстап отырған Ыбышты көріп қайран қалдым. Ол ешқашан, әсіресе апамның көзінше келіншегімен бұлай бірге отырмайтын. Тыңқ-тыңқ еткізіп домбыра тартып қояды. Ол мені көре салып орнынан атып тұрды да: — Әй, Қайыркен, бері келші. Жын ұрып кеткен бе, мына бәле домбыра тарт деп қоймады. Мә, сен тартып бер де үнін өшірші, — деді. — Ыбыш домбыраны маған ұстата салып, өзі ет турауға кірісті. Салтанаттың ішек-сілесі қатып күліп отыр. — Қайыркен, деймін. Ой, мына Ыбыштың, шіркін өнерпазы-ай! Мұндай домбырашы Қаратау өңірінен табылмас. Саусақтары қандай жіп-жіңішке, тура домбыра тарту үшін жаралған дерсің, сала-сала. Ал, безілдетіп жөнелгенде бар ғой, апам екеуіміз еңіреп жылап жібердік тура. Солай ма, апа? Апам мырс етіп күліп жіберді. Мен де күлдім. Ыбыш қызарақтап қалды. — Болды, болды енді. Оның несі күлкі. Тарта алмаймын десем де жабысып қоймаған өзің. Енді кеп күлесің, — деді ол күңкілдеп. Иә, бұл Ыбыштың жанындағы өзгеріс еді, бұл — ерке Салтанаттың жеңісі еді. Менің қуаныштан жаным толқып, Салтанатты құшақтап сүйіп-сүйіп алғым келді. Апамды да, Ыбышты да сүйе бергім келді. Бәріміз сүттей жарық ай астында отырып тамақ іштік. Анадайда қарауытып Қаратұмсық жатыр. Үй мен сол тұмсықтың екі ортасында Ыбыштың күреңі мен әкемнің жирені кісендерін шылдыр-шылдыр еткізіп жайылып жүр. Ай сәулесімен екеуінің тұлғасы қараң-құраң етіп көрініп қалады. Тамақ жеп болған соң біз өлең айттық. Ыбыш қолын жуып бола салысымен қисая кетіп, қор ете түскен. Жастыққа басы тие салысымен ұйықтайтын оның бала кезінен бергі қасиеті. Бас жағында тұрып мылтық атпасаң анау-мынауыңа ояна қоймайды. Апам да үйге барып жатып қалған. Салтанат екеуміз олардың отау үйлеріне кіріп алып қосыла ән салдық. Былтырғы жаздан кейінгі бұл Салтанаттың әнін екінші тыңдауым. Әрине, менде дауыс жоқ, сондықтан Салтанатты жетелеп біраз жерге дейін барамын

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47