ГАУҺАР ТАС

да, бірте-бірте ысырылып қалып қоямын. Ол болса «сен де айт, болмайды» дегендей анда-санда басын шайқап қояды. Бірақ әнін үзбейді. Маған ән айтудан гөрі оның әнін тыңдау мың есе әсерлі, мың есе қымбат. Ол өзі ең жақсы көретін «Гауһар тасты» айтып отыр. Ән салғанда оның көздері күлімдеп, сұлу жүзі бал-бұл жайнап шыға келеді. Дәл осы сәтте мен Салтанаттың алдында оның маған, бізге әкелген қуанышы мен күлкісі үшін өзімді құтылмас борыштыдай сезіндім. Шынында ол келген күннен бастап, біздің бұрынғы қаталдық билеген сүреңсіз, қызықсыз бір қалыпты өміріміз өзгеріп сала бергендей болған жоқ па? Алғашқыдағыдай емес, әкем де, тіпті Ыбыш та оның ерке, жаз мінезіне жылы жүзбен қарайтын сияқты ғой. — Салтанат, — дедім ол ән айтып болған кезде. — Иә. —Білесің бе, мен сені өте жақсы көремін. Бар жаныммен, тәніммен жақсы көремін. Сол үшін саған осы әлемнің ең асыл, ең таза, ең тамаша, бір ғажайып затын сыйлағым келеді. Бірақ ондай нәрсені таба алмайтын секілдімін, ондай нәрсе жер бетінде жоқ сияқты. Сондықтан мен барлық жұртқа әйгілі, барлық жұрттың меншігіне айналған сыйлық ұсынғым келеді. Ол — ән. Ол –»Жеңеше» деген халық әні. Білесің бе? — Иә. —Жақсы ғой? Тамаша ән! —Бірақ сөзін өзім қайта жаздым. Оның ескі мазмұны бізге сәйкес келмейтін сияқты. Және мұны жай «Жеңеше»емес, «Жеңешемнің әні» деп атағым келеді. Міне, оқып шық. Сонаң соң қосылып айтамыз. Еркін дала еркесі, Әнді сүйген жеңеше-ай. Бақытым деп қатыгез Жанды сүйген жеңеше-ай. Жабырқаған өмірге Наз әкелген жеңеше-ай. Тұнжыраған көңілге Жаз әкелген жеңеше-ай. Періштесі ең аспанның, Қондың қайтіп, жеңеше-ай? Біздерге арнап әніңді Келдің бе айтып, жеңеше-ай. Тағы өзіңе жыр арнап Толғанайын, жеңеше-ай. Азырқанбай қабыл ал, Айналайын жеңеше-ай! Салтанат төрт шумақ өлеңді тез оқып шықты да, әрі қуанды, әрі қысылды. — Жоқ, сен өтірік айтасың, тіпті асырып жібергенсің. Мен соншалықты… Жоқ… Өтірік. Маған қолайсыз. — Жо-жоқ. Бірде-бір өтірігі жоқ, оллаһи. Қайта мен… саған деген шын сезімімді қағазға әлі толық түсіре алған жоқпын. Бұл әлі аз сияқты. Салтанат бір қызарып, бір бозарып көп отырды. Ақырында менің ұзақ өтінуім бойынша әнді қабылдап, менімен қосылып айтуға келісті. Екеуміз қосыла айтқанда, расында да ән ғажап шықты. Тіпті, сөзін жазған мен де, ол әнді бұрыннан білетін Салтанат та толқып кеттік. Бір кезде оның көзінен жылт-жылт етіп төңіректеген жасты көріп қалдым. — Салтанат, Салтанат, саған не болды? Жасың не бұл? — А-а? Ә, иә-иә. Ештеңе емес. Жай ғой. Сен оған көңіл бөлмей-ақ қой. — Салтанат маған білдірмеген боп, ақырын ғана дірілдей дем алып, орамалымен жасын сүртті. — Сен… сен ақын боласың, Қайыркен, үлкен ақын боласың.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47