Мен сол үшін жыладым. Енді жыламаймын. Енді ән саламын. — Сөйтті де ол орнынан ұшып тұрып далаға жүгіріп шығып кетті. Сәлден соң: «Қайырке-ен, мұнда кел, домбыраны ала шық», — деп шақырған даусын естідім. Табалдырықтан сыртқа аттай бергенде өз көзіме өзім сенбедім. Салтанат даладағы төсек үстінде апам екеуі отыр екен. Япырау, ол апамды оятып әкелген бе? Мен ақырын жылжып олардың қасына келдім. — Тарт, — деді Салтанат. — Жай, баяулатып тарт. Сонан соң, өзің де маған қосыл. Екеуміз әлгі әнді қосыла айттық. Баяу шыққан қоңыр үн айлы түнде Аршабай алқабын аралап кете берді. Ол ән осы аймақтағы құлқайыр мен қурайды, жусан мен адыраспанды, тау мен қыратты бәрін-бәрін де өзінің әсем ырғағымен тербетіп, бесіктегі сәбидей қалғытып, балқытып жібергендей болды. Айнала мүлгіген тыныштық. Шыр-шыр еткен түн шегірткелерінің үні де басыла қалыпты. Тас төбеге келген толық ай жұлдыздардың бәрін ысырып тастап, бізге ентелей төне қарап тұр. Апам болса біздің қосылып айтқан әнімізді елжірей тыңдады. Ән біткен кезде ақ жаулығының ұшымен суланған көзін сүртіп: «Шүкір, көрсеткеніңе шүкір,тоба! Айналып кетейін сендерден», — деп Салтанаттың маңдайынан құшырлана сүйді. Апам оның сауығып кеткені үшін мейлінше қуанышты еді. Сәлден соң Салтанат «Бір баланы» айтты. Әннің ортасына келгенде Ыбыш ары-бері дөңбекшіп жатты да, басын көтеріп тұрып отырды. Ай жарығымен шағылысқан жалтыр басын анда-санда бір сипап қояды. Аң-таң. Ән біткен кезде: «Өй, мына пәле қайтеді-ай — деді еңк-еңк етіп. — Дауысын қара жаманның. Қайдан үйреніп жүрсің?!» — Мен бе? Даладан, анау даладан үйрендім. — Салтанат күмістей сыңғырлап қолымен Қаратұмсық жақты көрсетті. — Оттапсың. Дала ән үйретуші ме еді? Мен күні бойы кеземін, неге үйренбеймін? — Өйткені, сен ешқашан ән айтпайсың. Тербеліп тұрған құлқайырға құлағыңды тігіп тұрсаң, оның ән салған үні естіледі. Сен естіген жоқсың ба? ЬІбыштың басы тұманданып кетті ғой деймін, сәл үнсіз отырды да: «Неғыл дейді мынау. Сау сұрақ қойсаң, жынды адамдай жауап беретіні несі», — деп төсегіне қайтадан шалқалай кетті. * * * Менің әскерге кететін күнім де тақала берді. Алыстан шаң көрінсе шақыру қағаз әкеле жатқан Амангелдінің машинасы емес пе екен деп күтетін болдым. Осындай бір күні апам мені таңертең ұйқымнан жұлқылап оятты. — Қайыржан, ау, Қайыржан! Тұр, тұршы, жаным, тез тұра қойшы! Орнымнан ұшып тұрып: «не болды?» — деп үрейлене сұрадым. Апамның ақ жаулығы желкесіне түсіп, бурыл тарта бастаған шашы бұрқырап кетіпті. Салмақты жүзінен сабырлылық қашып, мейірімді көзіне үрей үймелеп алған. — Салтанат қиналып жатыр, — деді апам. Атқа мін де қалқозға шап. Әйел доқтырды ертіп әкел. Бола ғой, айналайын. Ойпырмай, құдай-ай, жаратқан-ай, аман-есен босанса болғаны. Тез,
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47