ГАУҺАР ТАС

қарағым… — Апам осыны айтты да дегбірі қалмай ішке қайта кіріп кетті. Мен апыл-құпыл киіне бастадым. Киініп бола салып Салтанат жатқан отау үйдің алдымен жүгіріп өттім. Апам есікке жұқа үлдіректен перде тұтып қойыпты. Іштен Салтанаттың қиналған даусы естіледі. Үйде Ыбыш жоқ болатын. Қараспанда өткізілетін шопандар тойына кеткен. Ат бәйгесіне қатысып, көптен бері көсіле шаппаған күреңнің басын босатып, өзінің де, атының да бағын бір сынамақ болған. Әкемнің жиренін тез-тез ерттей салып колхоз орталығына қарай шаба жөнелдім. Таң атса да күн әлі шыға қоймаған кез. Ерке қызының қиналып жатқанынан бейхабар Аршабай даласы әлі маужыраған ұйқы құшағында. Сонау жақта маңқиған Қаратұмсық ұлы шайқастан соңғы алып батырдай бір қырындап қимылсыз жатыр. Ен далаға түні бойы әлдекім ақ маржан шашып кеткендей, шөп басындағы мөлдір шықтар жылт-жылт етеді. Тымық та, салқын ауа ат екпінімен гулеген желге айналып, денені түршіктіреді. Колхоз орталығына жеткенімде күн де көтеріле бастады. Сол бойы әйелдер босанатын үйдің алдына кеп ат байлап ішке кірдім. Кірген бетте дәрінің иісі бұрқ ете қалды. Ат үстінде тоңып қалған екенмін, мұндағы жылы ауа лып етіп бірден денемді үйіріп әкетті. Іште тыныштық, бәрі де ұйқыда. Есіктен әлдекімнің кіргенін естіген кезекші қыз түпкі кабинетінен басын қылтитып: «Сізге кім керек?» — деді, таңмен таласып неге келдіңіз дегенді аңғартқандай. Жүзінде түнімен ұйықтамай шаршағандықтың табы білініп тұр. — Сізбен сөйлесуге бола ма? Өте, өте асығыс едім… — Т-с-с, — деді ол бір саусағымен ернін басып. — Оятып жібересіз, мұнда келіңіз. Мен аяғымның ұшымен басып кезекші қыздың кабинетіне кірдім. Ішке еніп, есікті жапқан бетте асығып-аптығып келген мақсатымды айтып шықтым. — Тез, мүмкіндігінше тез. Өтінемін сізден! — дедім жалбарынып. — Сонда сіз маған жүр деп тұрсыз ба? — Енді кімге айтып тұр дейсіз? Кезекші қыз әйелдер босанатын үйді иегімен мегзеп қойып: «Оларды тастап кете алмаймын ғой, — деді. — Дегенмен көмексіз қалдырмаспыз. Сіз атпен келдіңіз бе? — Иә. — Онда жүріңіз. — Ол мені бастап далаға шықты да, есік алдындағы жас теректердің арасына кеп тоқтады. — Міне, мына көшенің ту басындағы ақ шатырлы үйді көріп тұрсыз ба? — Иә-иә. — Сол үйде Жәмилә деген акушерка әйел тұрады. Бір сағаттан соң ол мені ауыстыруға тиіс. Қарсы болмаса не өзі барсын, не ертерек келіп мені ауыстырсын. Оған шейін мен де дайындалып тұрайын. — Рахмет! — Басқа сөзге келместен мен ақ шатырлы үйге қарай шаба жөнелдім… Арада жарым сағаттай уақыт өткенде біз жедел көмек машинасымен Аршабайға қарай ағызып келе жаттық. Қасымда әлгі кезекші қыз бар. Шофер жігіт жолды білмеймін деген соң атты Аменгелдінің бастырмасына байлап, солармен бірге

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47