ГАУҺАР ТАС

отырғанмын. …Біз үйге жеткенде Салтанаттың халі тіптен нашарлап кетіпті. Апам сабыр дегеннен мүлде айырылып, далаға бір кіріп, бір шығып жүр екен. Бізді көргенде жүзіне аздап қуаныш табы енгендей болды. Раушан машинасынан түсе салысымен қолынан жетектеп Салтанат жатқан үйге кіріп кетті. Әрине, мен олармен араласа алмаймын. Даладағы әлі жиналмай күнге қызған ыстық төсек үстінде отырып, іштегі әрбір дыбысқа шыдамсыздана құлақ тігемін. Кеше ғана осы маңайды көктемге, қуанышқа бөлеп, жаз күлкісімен жарасымдылық сеуіп жүрген Салтанат тағдыр талқысының уысында жатыр. Ал оның дәл жанында мен отырмын. Ештеңемен көмек бере алмаймын, дәрменсізбін, шарасызбын. Оның әрбір қинала шыққан үнінен кеудемдегі жүрегім өтпес пышақпен қиқаланып жатқандай есеңгіреп кете жаздаймьш. Жанымдай жақсы көретін Салтанатқа қолымнан келетін бір көмегім, жанашырлығым осы ғана. Арада бір сағаттай өткенде Салтанат мүлде үнсіз қалды. Тек дәрігер қыз бен апамның сабырсыздана, үрейлене күбір-күбір сөйлескендері естіледі. Олардың өзара не айтып жатқандарын ести алмасам да, осы бір өзгерістен-ақ бір жамандықтың ұшын сезгендей төсек үстінде отыра алмай кеттім. Осы сәтте далаға апам шықты. Мен жүгіріп алдына кеп тоқтадым. Ол кісінің екі көзінен ебіл-дебіл жас ағып жүр екен. Оны көріп бұрынғыдан бетер жаным түршікті. — Не… не болды, апа? — Құдай, о құдай! Ағынан жарылып қайдан ғана бере қойды деп ем-ау, көзге бір көрсетіп ала қойғалы берген екенсің де, қу құдай!.. — Апа, апа, не айтып тұрсыз сіз! — Бар, бар шырағым, — деді апам жаулығымен жасын сүртіп. — Сені шақырып жатыр. Мен ішке жүгіре кірдім. Салтанат жуған шүберектей боп-боз боп жатыр екен. Мен келетін болған соң үлкен жұқа көрпені үстіне жауып қойыпты. Қасына жақындағанымды ол сезе қойды да ақырын қолын созды. Мен оның нәзік саусақтарын ұстап «Салтанат!» — дедім. Ол ақырын көзін ашып қайта жұмды да, еріндерін болар-болмас күбірлетіп әлдене айтқандай болды. Ешнәрсе ұқпай қайталап сұрадым. Салтанат сол қолын жоғары көтерді. Ол нұсқаған жаққа қарағанда, сәусілдеген қызыл жібек шашақты көрдім. «Әперші» деді ол естілер-естілмес. Мен жібек шашақты алып оның қолына ұстаттым. Салтанат оны алақанына бір-екі мыжғылап алды да маған қайта ұсынды… — Мұны… Ыбыш… Ыбыш… бәйгеден келгенде бер… Атының… Маңдайына тақсын… Саған… саған… ризамын… Салтанат менің алақанымды болар-болмас қысқан кезде қолы сылқ ете түсті де, саусақтары мұздап жүре берді. — Салтанат, Салтанат! Не болды саған!.. Қос тізерлеп отыра кетіп, оның қап-қара шашынан сипалай бердім. Сорғалаған терден жастығына шейін су болып кетіпті. Бірақ ол үн қатпады, қимылдамады да. Жаңа ұйықтап кеткендей еріндері сәл ашылып, демсіз жатыр. Ауыр толғаққа Салтанаттың жүрегі шыдамай қайтыс болды. Мен ертіп келген Раушан да оған ештеңемен көмек бере алмады. Ауруханадан шыққанда жай толғақ

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47