ГАУҺАР ТАС

тездет! —Біз атты тебініп қалып жүрісімізді жылдамдата түстік. Мола бүркіт бізден жасқанар емес, қимылсыз отыр. Қаратұмсыққа әбден жақындағанда, ол қарайғанның бүркіт емес адам екенін анғарып, ат басын тежеп жіті көз тастадым. Сол сәтте бүркіт деп келе жатқанымыз қимылсыз отырған Ыбыш екенін тани кеттім. Мені ол осы Қаратұмсықтың арғы бауырында күтіп алып, Арысқа шейін бірге бармақ болған. Ыбышты көріп өн бойым шымырлап кетті. Демек, келіншегінің өлімі оған оңай тимеген екен ғой, оның да қабырғасын қақыратып, бауырын жаншып кеткен екен ғой. Оның дәл қазіргі үнсіз отырысында анау-мынау дауыс шығарып жылауды он орап алатын, одан мың есе ауыр, мың есе әсерлі жан қайғысы жатыр еді. Ыбышты әкем де таныды. Оны әлдене деп сөгетін шығар деп ем, бірақ олай етпеді. — Тәңір алғыр, мынау Ыбыш па еді. Мола бүркіттей сұңқиып отырысы қандай жаман, — деді де қоя салды. Ыбыш бізді таяқ тастам қалғанда ғана көріп орнынан ұшып тұрды. Әкемнен жасқанып сайға қарай түсіп бара жатқанда ол кісінің өзі дауыстап тоқтатып алды. Сонан соң Ыбыш әрбір басқан жері жарылып кетер деп қауіптенгендей ақырын қорбаң-қорбаң етіп келіп, баяғы қара тастың жанына кеп тұра қалды. — Кетіп барамысың? — деді ол қасына жеткенімізде сыбырлап қана. — Иә, Бұдан соң әкелі-балалы үшеуміз Салтанаттың моласының басында үнсіз қалдық. Сәлден кейін әкем маған «түс» дегендей иегін мегзеп қойды да, өзі аттан түсті. Ол кісі құбылаға қарай тізерлеп отыра кетіп құран оқыды. Ыбыш екеуміз үнсіз қатар тұрмыз. Әкем құран қайтарып болған соң, орнынан тұрды да, терең күрсініп Ыбышқа қарады. — «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы ғой. Сол алтынның қадіріне сен жетпедің-ау, балам. Сенің қаталдығың, сенің жігерсіздігің ғой осыған кінәлі… Ыбыш көпке дейін үнсіз тұрды да: — Мені соған үйреткен сіз кінәлісіз, әке, — деді үзе сөйлеп. Бәлкім, бұл сөз оның ойында көптен жүрген шығар. Бұл қабірде өршіл мақсат пен үлкен арман иесі жатыр, бұл қабірде өмірге келе алмаған жас сәбидің анасы жатыр, бұл қабірде қадіріне жете алмаған Ыбыштың адал жары жатыр. Бұл қабірде ешқашан айтылмаған, ешқашан айтылмайтын менің аяулы махаббатым жатыр. Қош, Салтанат! Біз атқа отырып, Қалашқа қарай бет түзедік.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47