аспанын жастар әні кеулеп жатыр. Туған дала ерке ұлдарын құшағына ап, солармен бірге қосыла әндетеді, қосыла күледі, қосыла қуанады. Өзіне тартып туған сауықшыл ұл-қыздары күміс нұрға толы айлы түнде ақсүйек ойнады, топ-топ болып ойпаң мен қыр басында ән салды, домбыра тартты, енді бірде балғын балалық шаққа бір мезет қайта оралып жұпар иісті көк шағырдың арасында жасырынбақ ойнады. Әзілқой сылқым жеңгелер гүл атқан құлқайыр түбінде көрікті, өнершіл қайнысымен шаршағанша алысты, кейбір жас бойжеткендердің жігітке деген нәзік сезімі осы айлы түндерде алғаш оянды. Кісілерді күту қамымен жүріп, мен ол сауық-сайранның біріне де түгел қатыса алмадым. Күндіз қой соңына кезек-кезек салып қойған жас балаларға сене бермей мал жаюға кетсем, үйге жеткенде самаурын қою, ботқа тарату, ат байлау дегендерден-ақ қолым тимейді. Үшінші күні түс ауа мал соңында жүргенде бір бала ентігіп жетіп келді. «Қайыркен көке, мен осында қалам, сізді тез жетсін деп жатыр, келіншектің бетін ашасыз», деді. Міне саған! Тапқан екен бет ашатын кісіні! Япыр-ау, анау сайдың тасындай сақырлап жүрген жігіттердің арасынан біреуі табылмағаны ма сонда? Туған қайнысына бет аштыру ерсі емес пе?! Үйге жеткенде, жұрт арнайы салған ши бастырманың астында гу-гу сөйлесіп отыр екен. Шынында, жайшылықта ауыз жаппайтын кейбір жігіттер жеме-жемге келгенде сөз таба алмай, ортаға сүйресе де шықпай отырса керек. «Ай, үнің өшпейтін теміржақ едің, қане, көрсетші сол өнеріңді» — деп қояды әйелдер жағы екі күн бойы жеңгелерге қырғидай тиіп жүрген ұзын бойлы бұйра бас жігітке қарап. Ол болса: «Түу, өстіп ескілікке салынудың керегі қанша. Комсомольская свадьба жасау керек еді ғой», — деп тыржиып қояды. «Немене қыл дейді, ей, мына сорайған неме, — деп отырған кемпірлердің бірі оның сөзін жақтырмай қалды. — Сонда той қызығын сендер көресіндер, мына біз немене көреміз? «Ескілік» деуін түге. Бет ашқанның несі ескілік. Ол халықтың жоралғысы. Ана Қайыркеннің тойында-ақ жасарсыңдар кәмсәмол суәдбәсін. Суәдба ма, немене еді әлгі… Әптің құрғырдың суәдбәшілін әліне қарамай. Одан да екі сөздің басын құрастыра алмаймыз десеңдерші. «Жайшылықта ауыз жаппас, той дегенде бірін таппас» деген. Ай, Қайыркен, кел айналайын, мыналардан күн шыққалы түк шығатын емес. Туған қайнысы болса қайтеді дейсің. Кәзитке өлеңің шығып жүруші еді ғой, селтеңдеп күлуден басқаны білмейтін мына өңшең ынжық немелердің аузына құм құйып кетші. Әй, қара келін, үйден жіңішке оқтауды алып шық», — деп ол орнынан тұрып келіп қолындағы ақ шаршысын маған ұстатты. Мен не істерімді білмей аңырып қалдым. Соншалықты сеніммен бастырмалатып келіп қолыма ақ шаршысын ұстатқан соң бас тартуға мұршам болмай қалды. Ана жастар жағы болса: «Ұялма, қысылма, давай-давай» деп отқа май құйып жатыр. Бет ашуға да үлкен қабілет
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47