керек. Тіліп түсетін өткір сөзді аяқ астынан тауып, осы отырғандардың бір кемшілігін уытты сынға алу керек. Ол арға тиетін жалаң сын емес, жұрт күлетін, әзілмен астасып жатқан сын болуы керек. Осы сын садағына кісілердің үлкен-кішісі, ақ сақалы мен қара сақалы жаппай іліге береді және бет ашушыға ешкім ренжімеуі керек. Не болса да ішінде кетсін. Әрине, кейбір шыныдай шырт ете қалатындар шыдай алмай әлденені айтып салады. Бірақ жұрт оны одан бетер күлкіге айналдырып, көпке шейін сөз етіп жүретін болады. Менің өлең жазатын жыным бар екені рас еді. Бірақ, жұрт алдына ешқашан шығып көрген емен. Оның үстіне, қапелімде қойылған талап дегбірімді кетіріп, есімді алды! Қолыма оқтауды қалай ұстап, оған ақ шаршыны қалай байлағанымды да білмеймін. Бір сәтте есімді жиғандай айналама қарағанда мені тескілеп, түйрелеп бара жатқан сансыз көз бен сөз күтіп телміре қалған жүздерді көрдім. Енді кейін шегінуге болмайды, не де болса тәуекел! Мен сол кезде ғана үш-төрт қыздың ортасында бетіне сәусілдеген ақ жібек орамал жауып, үнсіз тұрған жеңешемді көрдім. Оның бойы сұңғақ, менен екі елідей ғана аласа екен. Үлбіреген жұқа ақ орамалдың ар жағынан кеудесіне басқан қолының саусақтары ағарып көрінеді. Ол тіпті дем алмайтын сияқты. Кеудесі мен екі иығының қозғалғаны байқалар емес. Кеше кісілердің атын отқа қойып келе жатқанымда, бірнеше қыз-келіншектермен бірге жеңешемнің анау дөң астында әңгімелесіп отырғанын көргенмін. Күн енді ғана көтеріліп, көкпеңбек Аршабай өзенінің аңғары алтын нұрға шомылып жатқан шағы еді. Жеңешем орамалын иығына салып, қыз-келіншектермен сөйлесіп отыр екен. Қасындағы Балакүл деген жас әйел саусағымен мен жақты нұсқап, әлдене деп жатқанын байқап қалдым. Сол сәтте оның мені жеңешеме сырттай таныстырып: «Анау сенің туған қайның болады» деп түсіндіріп жатқанын сездім де, оларға бұдан әрі жақындауға батылым жетпей үйге қарай қиғаштай тарттым. Сол кезде Балакүл: «Әй, Қайыркен, мұнда кел, мұнда кел», — деп қол бұлғады. Күнге шағылысқан білезігімен көңілді күлкісінің сыңғырлағаны қоса естілді. Олардың қасына барсам жеңешем қолайсызданар дедім де: «Балакүл, қолым тимей жүр» деп айқайладым. Таңғы дауысым хош иісі аңқыған кең алқапқа сіңіп кетті. Ол дауысым тына бергенде Балакүлдің: «Өй, ұялшақ, келіп таныспай ма екен-ей қайта», — деп соңғы жағын күлкі көмген ашық үнін естіп қалдым. Қазір соным үшін де қысыламын. Сонда да болса тершіген маңдайымды алақаныммен сүртіп, тамағымды бір кенеп алдым да, алғаш аузыма түскен салтанатты екі-үш шумақты шұбырта жөнелдім. Сонан соң ең негізі жауапты бөлімге көштім. Тойға келген адамдардың бәрі маған таныс. Демек, олардың әрқайсысының бір міндері бар екенін де білемін. Жарым сағатқа созылған ауыр минуттарды артқа тастап, ең соңғы салтанатты шумақты айтып болған соң жеңешемнің бетіндегі орамалды
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47