ГАУҺАР ТАС

жайымен жоғары серпідім. Ол кірпігін жоғары көтеріп маған бір қарады да, көзін тез төмен түсіре қойды. Оның жанары ботаның жанарындай үлкен, кірпіктері найзадай ірі екен. Толған айдай ақ жүзіне қысылғаннан қан ойнап шыға келіп, екі беті жаңа піскен алмадай албырап жүре берді. Шағаланың қанаты тәрізді қиылған қастары ұйқысынан жаңа оянған жас баладай бейкүнә, пәк жүзіне ерекше бір сұлулық пен нәзіктік сеуіп тұр. Үлбіреген еріндері қатты ыңғайсызданғандықтан болар-болмас дір-дір етеді. Мен жіңішке оқтауды қасымдағы біреуге ұстата салып екі адым кейін шегіндім. Сол жағымда отырған екі-үш әйелдің: «О, реңді екен, сабазың. Үндемей жүріп мына Ыбыш бәрінен озды. Құдай кейбіреулерге өстіп бере салады. Анау Рысбектің Тәшкеннен оқу бітіріп келген баласының әйелі… ойбүй, шешей-ау, несін айтасың, мына келіннің тырнағына да тұрмайды. Мұрны біздей, көзі тұздай…» — деп пыш-пыш сөйлесіп жатқандарын құлағым шалып қалды. Иә, менің жеңешем айтса айтқандай көрікті еді. Әлгі әйелдердің сөзіне мен іштей масаттандым. Сөйтіп тұрып, жұрттан шеткері, тойдан қалған күрішке толы ала қаптың үстінде жалтыр басын ауық-ауық бір сипап қойып, қою шай ұрттап отырған Ыбышқа қарадым. Егер жеңешемнің ақылы көркіне сай боп келсе, шындығында ол жар сүюден бақытты жан еді. Бірақ, өзінің осындай бақыттылығына ой жіберіп жатқан Ыбыш жоқ. Жейдесінің түймесін түгел ағытып тастап, бәз-баяғы қалпынша әлдене жайлы әкеммен сөйлесіп қойып жайбарақат отыр. Осы сәтте мен Ыбышты емес әкемді кінәладым. Оны уысынан шығармай осылай тәрбиелеген сол емес пе? Ол Ыбыштың осы мінезіне сүйсінеді. Мақтан етеді. «Оқу-оқу» деп жүріп өзінің тәк-тәгінен қағажу қалып, еркіндеу ер жеткен менің барлық мінезімді әкем сондықтан да жаратпайды. Оның ойынша «менің үйге тигізер ірістей де пайдам жоқ, есіл-дертім дала. Шошаңдап жүріп не мылтыққа түсіп, не машина қағып өліп қалмасам, жасым жиырмаға жетер-жетпесте еркек шашты біреуге үйленемін де, әке-шеше дегенді ұмытып, соның айтқанына көніп, айдауына жүріп, әлгінің қалаған жағына лағып кетемін». Мұндай қылықтың ұшын байқата қоймасам да, әкемнің бұл қорытындыға қалай келіп жүргендігі маған әлі жұмбақ. Әсте, өзімен кей сәттерде бетке келіп, тіпті Ыбышқа да: «Әй, тілің бар ма, жазығым жоқ деп айтсаңшы», — дейтінім үшін жек көретін болар. Ертең той тарқаған соң көкпар беріледі. Жұмыстан қолы босап жиналатын аттылар болса, Аршабай нағыз көкпардың мекені. Қауіптенетін жыра-апан жоқ, ұзыннан-ұзақ созылып жатқан мидай тегіс ойпаң. Алысқа шабар жүйрік аттың тізгінін бос тастап, армансыз ағызатын-ақ жер. Қазір Ыбыш пен әкем, сөз жоқ, көкпар жайын сөз етіп отыр. Әні, ЬІбыштың сыпыра құлағы қалқиып, көзі ежірейіп кетіпті. Шай ішуді мүлде ұмытқан. Япыр-ау, сонда ол өзгенің емес, өз тойында көкпар шаппақшы ма? Келіншектің беті ашылған соң барлық адамға желік берген думан қызығы бірден

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47