ГАУҺАР ТАС

сылқ түсіп, арада бірер сағат өткеннен кейін жиналғандар той иесімен қош айтыса бастады. Кешке қарай ертеңгі көкпарға қалған жұмысы жоқ шалдар жағы болмаса, қыз-келіншек, бала-шаға, жігіт-желең, кемпір-кешектердің бәрі бірі атқа, бірі есекке мінгесіп, енді бір тобы Амангелдінің автоклубына сыйғанынша отырып, ырду-дырду, у-шумен үйді-үйіне тарасты.

* * *

Той да өтті, Ыбыштың есін алған көкпар да өтті. Аршабай алқабындағы біздің үй тағы да жалғыз қалып, ың-шыңсыз бір қалыпты өміріне қайта кірісті. Екі-үш күнге созылған той-думанына әбден үйреніп-ақ қалған екенмін, көпке шейін жаным құлазып, айдалада жалғыз өзім қалғандай кеудемнен белгісіз бір көңілсіздік кетпей қойды. Сондықтан, құдық басы мен үй ішінің, қора-қопсының тағы-тағы жанымды жабырқата түсетін сүреңсіз тіршілікті өзгелерге тастап, далаға, қой соңына кетіп жүрдім. Қара тұмсықтың арғы бауырына түсіп малды отқа жабамын да, бірауық Аршабайдың көз жетпес көк аспанынан көз алмай, шалқалап бір жатамын. Осы шақ қандай тамаша шіркін! Төңіректе қойлардың бытыр-бытыр жайылып жүргенінен өзге бір дыбыс естілмейді. Түу, көз ұшында, қақ маңдайыңның үстінде ноқаттай боп бозторғай қалықтай ән салып жүреді. Жер иісі, жусан иісі, қурай мен құлқайыр иісі кеудеңді кернеп, жан сарайыңа жаңа сезім, жаңа қуаныш толтырады, алпыс екі тамырыңды түгел матап, еліктіріп, еліттіріп әкетеді. Бойыңдағы енжарлық пен көңілсіздік кенет ғайып болып, күллі денең ду-ду ете түседі де, жүрегіңді белгісіз бір қуаныш билей жөнеледі. Сол кезде мен әндетемін. Әлгі көкірегімдегі шаттық сыртқа шығар саңылау іздеп, ішкі дүниеңді мың саусағымен түрткілеп жатады. Әнге мейірімім қанбайды. Сонан соң өлең жазамын. Осы кезге шейін қанша дәптер толтырдым мен! Бірақ, бірі маған ұнаған емес. Төбемдегі көгілдір аспан, шырылдаған бозторғай, кешкілік жұмақ боп кететін Аршабай алқабы, тамылжыған айлы түні — бәрі-бәрі де кей сәтте маған ренжіп тұрғандай боп көрінеді. Өйткені, менің өлеңімдегі сұлулық, сол сұлулықтардың бір-ақ ұшқыны тәрізді. Кейде өзіммен-өзім арпалысып отырып қойлардың қалың бүрген арасына шашырап кеткенін, я болмаса алтын күннің қызарып ұясына еніп бара жатқанын байқамай қаламын. Кешкілік қойды айдасып кетуге не әкем, не Ыбыш келеді. Әкем келсе менің адам болуымның қиын екенін тағы бір есіме салып, ұрысып жүріп қойларды жинайды, ЬІбыш келсе менімен ісі де болмай үндемеген бойы малды топтап қораға айдайды. Оның үйленгеніне де жиырма шақты күн болып қалды. Әйтсе де, бәз-баяғы қалпы. Тәні мен жанына инедей де өзгеріс енбеген. Осы кезге шейін мен оның Салтанатпен сөйлескенін бір көрген жоқпын. Той өткен соң оларға төрт қанатты бөлек үй тігіп, жеке шығарғанбыз. Бізден қысылып сол жақта сөйлеспесе, көзімізше тілдескен емес. Жаңа ортаға келген жас адам мынадай суық үйден жабырқап, жалғызсырап жүр-ау деп Салтанатқа қатты жаным ашыды. Кейде оның сыңғыр

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47