жыладың ғой». «Иә, жыладым. Оны неге айттың?». Даусы қатқалдау шықты. Ренжітіп алғанымды сездім. Көзімді жерден көтеріп жүзіне қарап едім, мұң шашып тұратын жанарына асқақтық ұялай қапты. Табалап тұр деп ойлап қалса керек. Оған тәкаппарлық жарасады екен. –Оны айтқан себебім… Сен не ойласаң, мен де соны ойлап отырғанмын. Менің апам да дәл сенің апаңның сөзін айтқан. –Рас-па-а? —Таңданғаннан оның көз шарасы үлкейіп кетті. –Рас. Басқа біреу айтса сенбес едім. Қызық, ә? –Қызық екен. –Сонда саған қатты жаным ашыды. Күздегідей қасыңа барып отырғым келді. Ертеңнен бастап екеуміз бірге отырайықшы. Ол бұл сөздердің мәнін бірден аңғара алмай аузын ашып бетіме ұзақ қарап тұрып қалды. Сонан соң менен көзін алмаған бойы: –Сен… шпана болайын деп жүрсің бе?–деді. –Шпана? Қайдағы шпана? Олар мен сияқты бола ма екен? –Қайдам. Олар да адамның іші-бауырына кіріп әдемі сөйлейді дейді ғой. –Жоқ, сен түсінбепсің. Мен сенің неңді ұрлаймын, қайта қасыңа кеп отырайын деп тұрмын ғой. –Сонда не істейсің? –Сені жылатпаймын. Егер жылай қалсаң бетіңді өзім сүртемін. Басқа ешкімге сүрткізбеймін, білдің бе? Ешкімге, тіпті Сейду ағайға да. Гүлжамал бірдеңені енді-енді ұғайын деді ме, әлде суықтың әсерінен бе, екі бетінің ұшынан сүтке тамған қандай кішкене қызыл шеңбер пайда болды да, ол бірте-бірте жайылып лезде құлағына жетіп барды. Сонан кейін барып: –Мен сенімен отырмаймын,–деді. –Неге? –Сен бұзық болайын деп жүрсің. Осыны айтты да, ол әңгіме бітті дегендей үйіне қарай қозғала бастады. Бәрі бүлінді, енді ол менімен сөйлеспеуі мүмкін. Құлман жаққа қарадым. Аяғы тоңған болу керек, бір орында секеңдеп тұр екен. Енді оған не бетімді айтам? Егер оның етігі жыртық болмаса, сөз жоқ Гүлжамалдың үйіне дейін барар едім, оған бәрін де түсіндірер едім. Мен жақындағанымда Құлман кәдімгі ересек адамның даусымен: –Көнді ме?–деді. Шошып кеттім. –Көнгені несі, неменеге көнуі керек еді? –Шығарып салуға дегенім ғой. –Жоқ. Шпана болайын деп жүрсің деп өзіме бәле салды. Біз есекке мінгесіп үйге қайттық. Құлман арт жағында отыр. –Ә-ә, өзің сөйлесе алмадың ғой, – деді ол мектептен сәл ұзай бергенімізде. –Ештеңе етпейді, алда әлі күн көп. Алғашқы кезде қыздар өстіп қылымсиды. Бәрібір көнеді. –Ей, сен не деп лағып келесің? Қылымсығаны несі, көнгені несі? Оны қайдан шығардың? –Жақсы көрем деген жоқсың ба? Мен бәрін есітіп тұрдым. Сені жылатпаймын дедің. Қасыңа отырайыншы дедің. Жыласаң көзіңнің жасын ешкімге сүрткізбеймін, өзім сүртемін дедің. Бұдан артық не демексің, алып қашам демекпісің? –Мен олай деген жоқпын. –Керең емеспін ғой. –Кереңсің. –Керең емеспін. –Жоқ кереңсің. Кереңдігің сол, айтқан сөзімнің мәнін түсінбегенсің. –Түсінбейтін несі бар. Қасыңа отырайыншы деп жалындың, көзіңнің жасын өзім сүртемін, Сейду ағайды маңыңа жолатпаймын
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38