БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

деп кіжіндің. Басқа нені естуім керек? – Мынаның тілін қарай гөр! Біріншіден, мен жалынған жоқпын, екіншіден, Сейдуді жолатпаймын деген жоқпын, үшіншіден, кіжінген жоқпын. О, қыршаңқы! Табан астында шығарып алған сөзін көрдің бе?! –Әй, бала, – дедім арамыздың суитынын аңғартар зілді үнмен, – сен байқап сөйле. Мен қашан жалындым, қашан Сейду ағайды жолатпаймын дедім, қашан кіжіндім, а? Неге өтірік айтасың? –Өйтпесе түсінетін түрің жоқ,– деді ол мені тағы қағытып. –Сенің түсінгенің осы ма?! Мен оны… мен оны жақсы көргенде… Оған жаным ашиды. Сен оны жақсы көрмейсің бе? А? Айтшы? Ол үндеген жоқ. Оның үндемегенін жеңілудің алғашқы нышаны деп, даусыма үлкен адамдарша өктемдік қостым (ол кезде бәріміз үлкендерше сөйлейтінбіз). –Иә, айтсаңшы. –Білмеймін. –Мәссаған! Оны жақсы көретініңді, не жек көретініңді де білмейсің бе? –Білмеймін. –Сен әлі бала екенсің. – Мен қарқылдап кеп күлдім. Ол да қарап қалмады. –Ал сен қусың,–деді. –Не-ме-не? –Бұрылып артыма қарадым. –Қусың деймін. Керең емессің ғой. Оны жақсы көретініңді жасырасың. Бұдан әріге төзуге болмады. –Түс есектен, – дедім. Ол ләм деместен түсті де, қала берді. «Түс» деген кезде қарнының аштығын, жолсызбен жүруге болмайтынын, жыртық етігін, онсыз да дірілдеп, қолтығының астында да жылу қалмағанын ойлап, «кешір, Оңғар» дейтін шығар деп ойлап ем, «түс» деп айтуым сол екен, аузымды жиып болғанша сыпырылып қала берді. Қайтадан «мін» деп айтуға кеш қалдым. Кім біледі, қайтып мінгізсем ол мені жеңілдіге санауы мүмкін. Ауылға әлі екі шақырымдай жер бар. Батыс жақтан бет қаритын суық жел соғып тұр. Кешеден бері аузына көлденең шөп алмай құлағы жығылған аш есек күртік қардан аяғын әзер алып, мимырт жүріспен ілбіп келеді. Құлман түскенде бел көтеріліп, қимылы ширап қалған сияқты еді, әлі қашқан аяққа мен де қайта ауырлық ете бастадым. Қардың жұқа жеріне келгенде ол жүрісін өзінен-өзі жылдамдатады, өйткені, қысы-жазы өзі байлаулы тұратын жыңғыл қораның ішіне жетсе иелері өзек жалғар бірдеңе берер деп үміттенеді. Бар сыбағасы сары сиырға ауғанын білмейді. Қарап тұрсаң әділетсіздік пен қанаудың көкесін осы сұр есектен көп көрген ешкім де, ештеңе де жоқ. Ол сары сиырға ала жаздай шөп тасиды, қар түскеше отын тасиды, ол аз дегендей арбасынан енді құтылып, «уһ» деп күрсініп тұрғанда біреу-міреу ауыр жұмысқа тағы сұрап әкетеді, қыс түссе сонау төмендегі арықтан тірсегі тоғысып көктемге шейін мұз тасып шығады. Мектепке мініп барып, аштан-аш қаңтарып байлап қоямыз. Сонда да оған көңіл бөлінбейді. Қорада мүйізі қарағайдай боп қарап тұрған жатып ішер сиырдан қалған кәшекті жейді, содан қалған суды ішеді. Сиыр – қорада, бұл – көзіне мұз қатса да далада тұрады. Бірақ, ешкімді күндемейді, жүр деген жағыңа жүре береді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38