БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

Қара күш пен момындық оған тек зиянға шығып жүр. Біраз ұзадым-ау дегенде артыма бұрылдым. Құлманның жүріп келе жатқаны, не тұрғаны белгісіз, баяғы түсіп қалған жерінде қарақшыдай әлдене қараң-құраң етеді. Есекті тоқтатып қарадым, қимылдайтын сияқты. Ауық-ауық еңкейіп қояды – сыртқа шыққан шұлғауын етігінің жыртығына қайта тығатын болуы керек. Бәлкім, ол жылап келе жатқан шығар. Мен есекті кері бұрдым. Қасына жақындағанымда ол маған қарамады, айналып өте берді. Түсі сұрланып кетіпті. Мына ызғарлы желге, қатпа қарға, өзімшілдікпен далаға тастап кеткен маған, жыртық етігіне, ащы ішектей шұбатылып кеткен жоқтыққа, қатал тағдырына – бәріне-бәріне қаны қайнап ызаланды ма, «ал қайтесің» дегендей күпәйкесінің түймесін ағытып тастапты. Күпәйкесінің ішінде жалғыз қабат көйлек қана бар екен, оның да омырауы ашық. Қарсы соққан желден жұтқыншағы қызаруын қойып күреңітіп кетіпті. Қабат-қабат тон киіп, әрең шыдап жүрген суыққа оның қай жаны шыдап жүр екен. Партаға тамған тұзды жас мұз боп қататын мектеп ішінде күні бойы қалай қыңқ демеді. Гүлжамалмен ұзақ сөйлесіп тұрғанымда қалай төзген! Ол аз дегендей арзан үстемдік үшін далаға тастап кеткенім не? Не деген мейірімсіз едім» –Құлман, кел, отыр. –Жүре бер. –Жындымысың, отыр деймін. –Өлсем де отырмаймын. – Ол жүрісін тездете түсті. Мойнын төмен салбыратып, есегім оның соңынан сүмеңдеп келеді. Осылайша «отыр, отырмаймынмен» біраз жүрдік. Жүз шақты қадамдай өткенде Құлманның жыртық етігінен шұлғауы шығып, сол аяғын сарт-сұрт қамшылай бастады. Денем тітіркеніп кеткен мен: –Құлман! Құлман деймін, шұлғауыңды салсаңшы,–дедім. Ол менің сөзімді елең қылған да жоқ. Төрт-бес рет сарт-сұрт етіп барып түсіп қалған шұлғауына пысқырып та қарамады. Етігінің басындағы қол сыяр жыртықтан ішіне қар толып, аяғын қари бастағанын сезіп келем. –Құлман, тоқта деймін! Әйтпесе бар ғой!.. Есектен секіріп түсіп, оның жағасынан алдым. Ол қарсыласқан жоқ. Бадырайып бетіме тура қарады. Ішінде сарқ-сұрқ қайнаған ашу мен ыза қанталаған көзіне жиналыпты. Ол қоя бер деп айтпады. Бірақ өңменіңнен өтіп, өзегіңді түйреп тұрып алған жанары алабұртып барып, жағасына жармасқан қолымды бірте-бірте босаңсыта бастады. Бұлай етуге болмайтынын, жағадан ұстамау керек, ұстаған соң бір нәрсе жасау керек екенін іштей сезсем де саусақтарым еріксіз жазыла берді. Жеңілісті мойындамауға лаж қалмады. Онымен тұрмай жалынуға көштім. –Құлман, кешірші мені, а? Жалынамын, – дедім жағасынан қолымды біржолата босатып. –Керегі жоқ, –деді ол тісін қайрап сөйлеп. – Жалынба! Жалынғанды жек көрем! –Енді не істеуім керек! Аяғың үсіп кететін болды ғой. Мойныңды қарашы! –Үсімесе түсіп қалсын! –деді ол тағы ілгері қозғалып. –Маған аяқтың да, мойынның да керегі жоқ. Бәрінің, бәрінің! Білдің бе, бәрінің! – Ол маған оқыстан жалт қарады. Мен шошып кеттім. Күреңіткен беті жыбырлап, көзі есі ауысқан адамдай шапыраштанып кетіпті. –

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38