Білдің бе деймін, білдің бе деймін, білдің бе деймін, білдің бе, бәрінің керегі жоқ! Міне, міне! Сенбесең мен саған көрсетемін. Мен не істерімді білмей тұрып қалдым: ол қар үстіне отыра қап етігін шеше бастады. –Міне, ал үсімесе түсіп қалсын. Кесіліп қалсын! –Екі етігін де шешіп алып екі жаққа лақтырып жіберді. —Бәрің қусыңдар! Гүлжамалға жаным ашиды дейді ғой. Жаның ашымайды, жақсы көресің, сонан соң жаның ашиды. Оның шешесі ауру. Үш баласы бар. Төрт күн бұрын сиырларын қасқыр жеп кетті. Үйлерінде бір үзім нан жоқ. Үш баласы бүгін де аш жатады. «Жақсы көремін» Бүйтіп езілгенше жағдайын неге білмейсің? Суайтсың, мейірімсізсің. Бәрің де!.. Ал, ал керек болса! Бәрібір бойымда жылы жер жоқ! – Ол қар үстіне жалаң аяқ тұрып алып, күпәйкесін шеше бастады. Мен жан ұшырып кеп оны құшақтай алдым. –Құлман, көкетай, жалынамын! Шешпеші күпәйкеңді! Мұның не? Өлесің ғой суық өтіп. Үйге соқпай қазір Гүлжамалдың үйіне барайын. Тіпті оны жақсы көрмей-ақ қояйын, жақсы көрем деп айтпай-ақ қояйын. Шешпеші киіміңді, көкетай! – Менің шырылдағаным, шырылдап қана қоймай ебіл-дебіл боп жылағаным оған кенет ес жиғызды ма, күпәйкесінің бір жеңін шешіп, екінші жеңіне келгенде кідіріп қалды. Қасқыр талаған адамның киміндей әр жерде шашылып жатқан етіктері мен шұлғауын мен келгенше қайтадан шешіп тастай ма деп зыр жүгіріп жүріп жинап әкелдім. Аяқтарынан жан кетіп қалыпты. Бойы тез жылынсын деп аяғына өзімнің шұлғауымды орап, үстіне өз күпәйкемді кигізіп, етігімді беріп жүріп оны райынан әрең қайтардым. Аяқ-қолы қарысып жүре алмай қапты. Есекке отыруға тағы болмайды, сол бойы қаны қатып қалуы мүмкін. Суық жел қарсы алдымыздан әлі уілдеп тұр. Енді бір шақырым жер жүру қиямет сапарындай көрінді. Маңайда қыбыр еткен жан жоқ. Алыстағы үйлердің қараң-құраң кіріп-шығып жүрген адамдары біз жаққа қарайтын емес, қараған күнде де бізге көз тоқтатпас еді. Көп тұруға уақыт жоқ. Күллі жабуды жерге түсіріп, Құлманды соған жатқыздым да, есекке тіркеп ауылға қарай сүйредім. Өзім Құлманның соңында келемін. –Аяғыңды қимылдат, – деймін. Ол болар-болмас қимылдатады да, «көнбейді» дегендей басын шайқайды. Арқанның қысқалығынан Құлманның басы есектің артқы аяғына тиіп-тиіп барып қайтады. Бетіне тұяқтан ұшқан қар түсе береді, ентелеп, сүріне-қабына барып оның қарын тазалаймын. Беті мұп-мұздай. Кірпігін қақпайтын сияқты, менен көзін алмай баттиып жатыр. Зәрем қалмай есекті таяқтай түсем. –Қалай, тоңдың ба? – деймін сасқанымнан әрі бірдеңе деп сөйлеу керек болған соң аузыма басқа сөз түспей. –Жоқ, – дейді ол мені онан сайын үрейлендіріп. Сөзі жылы төсекте жатқан адамның сөзіндей сабырлы. * * * Жөндеп оралмаған шұлғау басына жиналып, бірнеше минуттан соң етіктің жыртығынан бір ұшы қылтиып көрінді де, енді бір
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38