БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

он шақты аттағанда екінші етігімді сартылдатып соға бастады. Оны ішіне қайтарып тығуға, қайта орап киюге шама жоқ. Сәлден кейін оң аяғымды әлдене қарып ала жөнелді. Саусақтарым қырқылып бара жатқан секілді. «Мейлі, мейлі, қырқа берсін. Менің аяғым Құлманның аяғынан артық емес. Қырқа берсін. Маған десе қырқылып түссін!» Бірте-бірте күшейген желдің аяғы біз үйге жеткенімізде алай-дүлей боранға ауысты. Кеш батып, ымырт үйірілген шақ. Есекті Құлманның үйіне қарай бұрғанымда олардың ауласынан ат арба шығып, лезде боранның арасына сіңіп жоқ болды. Біздің колхозда үш-ақ арба бар, мынау олардың бірде-біріне ұқсамады. –Құлман, мына арба кімдікі? Денесінен суық өтіп талықсып кетті ме, ол жауап бермеді. * * * Мен тоғыз күн бойы төсектен бас алмай жатып қалдым. Апам мен Еркінай әуелгіде қатты қорқыпты. Әнеукүнгі қол диірменге тартқан екі кило бидайдың тең жартысына жуығын жеті күлше етіп, маған суық тигенін біле тұра көз тиіп қалды ма деп көрші-қолаңға таратыпты. Тоғыз күн. Жайшылықта қалай өткенін білмей қалатын бұрамға келмес келте уақыт. Бірақ бар ғұмырындағы қуанышы мен күрсінісін есептеп әр күніне бөлгенде қайғысына қайық батар тоғыз күн! Таңы атпайтындай, күні батпайтындай ұзақ, үміті мен уайымы, сенімі мен сергелдеңі шарпысқан, кемпір-шалдар бал ашып, жаман түссе тағы ашып, кеуде біткен үйде, көңіл біткен түзде, жантайса да жақсы түс көру үшін жантаятын жайшылықтың жылына тең тоғыз күн! Тоғыз күнде алақандай ауылға екі қара қағаз кеп, адамдары күңіренді. «Аманбыз» деген төрт хат кеп жыртық жүрекке жамау болды. Бірақ, жиырма күн жүріп келген «аманбыз» үркек көңілге біржола медеу бола алмай, келесі күндердің үміті мен күдігін молайтып, балықшының желді күнгі қайығындай қалт-құлт тіршілік тастап кетті. Сондай хаттың бірі мен төсектен тұрғанда көкемнен де келді. Тор көз дәптердің бес парағын толтырып жазыпты. Бүкіл ауыл жиналып оқыды. Сейду ағай оқыды. Бір емес, бірнеше рет қайталап оқыды. (Соғыстан келгелі бері хаттың бәрін Сейду оқитын болған). Баяғысынша бәрі жылады. Жүруге жарайтындардың бәрі үйге кеп, құтты болсын айтып шықты. Бір баласын көтеріп, екінші баласын жетектеп Гүлжамалдың төсек тартып жатқан науқас апасы Орынша да келіпті. Қуаныш дегеннің адамды мүлде өзгертіп, мүлде қайта туғызатындай, мүлде қайта жарататындай құдіреті бар екенін біз алғаш рет сонда аңғардық. Апам мен Еркінайды тану мүмкін емес. Бір звеноға жететін баяғы қара қазанның шыңырау түбінен сап-сары тоқаштарды үлкен керсенге екеулеп түсіріп жатыр. Май қайдан, ұн қайдан, кімнен алды, кімнен сұрады, қашан алды? – ол да жұмбақ. «Өзі тапқан малы еді, жолынан садақа»,– деп апам сиырды сатып, ақшасына қой алып, біреуін сойғысы келетінін де айтты, бірақ жұрт көнбеді. «Жан бағып отырған жалғыз сиырыңнан айрылма, қайтесің,– десті, – өзі келгенде

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38