БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

тойына соярсың». Ол кісіні осы соңғы сөз ғана тежеді. Майданнан жиырма күн жүріп келген амандыққа барын құрбан етпекші. Жиырма күннің ішінде талай өзгеріс боларымен шаруасы жоқ. Ол кісі үшін хат жазған адам сол орнында әлі күнге дейін қозғалмай отыратын сияқты, қарсы беттен шыққан оқ бергі бетке жиырма күн ұшатын сияқты. Ауылдың шеткі жағында бау-бақшасы колхоздың бау-бақшасынан бірде-бір кем түспейтін ағайынды төрт жігіт тұратын. Соғысқа төртеуі де бір күнде аттанды. Біздің қуанышымыз солардың үйіндегі үлкен тоймен жалғасты. Төрт жігіттің ең кішісі – биылғы көктемде жиырмаға толатын Тоқтасын қайтып оралды, сол аяғын беріп оралды. Бір топ бала тағы да есік жақта отырдық. Бізге тағы да ешкім көңіл бөлген жоқ, біз тағы да солай болу керек деп ұғындық. Тағы да Тоқтасын жаққа мойын созып қарадық. Оған асқақтық жарасады екен. Жеті-сегіз балаға қойылатын екі кеседей ботқаны үнсіз күтіп, әрқайсымыз көкелеріміздің ақсақ боп келуін тағы тіледік. Гүлжамал мен Құлманның көкелерінен әлі хат жоқ. Ғажап! Бір бағдардан күткен қуаныш адамдарды аралап кеп, бәрін емес азын тапқанда, табылмағанның көңілі су сепкендей басылып, іштегі мұңы тына жанады екен. Ол сені қызғанбайды, күндемейді, бірақ, тағдыр мейірімінің әзірге айналып өтуін сорға балап, үміті мен көңілі жасиды екен. Бүгін қуанған үй ертең қандай күйге түсері белгісіз болса да, табалдырығын жақсылық хабар аттамаған шаңырақ бұл шаңырақтың алдында өзін іштей тәуелді сезінетін секілді. Қуанған күлсе – мұңайған мүжіле беретіндей. Біз бірге жүрген балалар осыны сезіндік. Әкесі емес, әкесінің інісі – Тоқтасынның келгеніне оның ортаншы ағасының баласы Нұрәлі бізге асқақтап қарайтын болды. «Енді көкем келеді,– деді ол кластағы балаларға мақтана кеуде қағып, – маған тапанша әкеледі. Тек жақсы тапанша таппай жүр екен, тапқан күні келемін деп жазыпты». Біз түгел сендік. Оған қызыға қарадық. Тек Құлман ғана еш нәрсеге қызықпайтын секілді. Бұрынғысынан да тұйық, ешкіммен сөйлеспейтін болып алды. Мен тоғыз күн төсек тартып жатқанымда, ол төрт-ақ күн жатып тұрып кетіпті. Түннің қай мезгіл екенін білмеймін, ауырып жатқан кезімде күңгір-күңгір сөйлескен апам мен тағы бір әйелдің пеш түбінде әңгімелесіп отырған даусынан оянып кеттім. –Япыр-ай, балаға да жаны ашымайтын тасжүректер шыға бастады-ау,–деді басқа дауыс. —«Жүгері қуырып жедің» деп қаршадай қызды сабағаны несі екен? Аштан өле ме ол байғұс! –Соны айтам-ау! Оңғарлардың боранға ұрынып, ауырып келген күннің ертесі болатын. Даладан шыңғырған дауыс естілді. Жүгіріп шықсам, шүйкедей Зеркүл шашы ебіл-дебіл боп, шырылдап біздің үйге қарай жалаң аяқ қашып келе жатыр. Көйлегінің екі жеңі пора-пора болыпты. Мені апа дейтін. «Апалап» кеп қырғидан қашқан торғайдай қарсы шыққан менің құшағыма қойды да кетті. Көгеріп Панзай да жетті, қолындағы көсеуінің түтіні де өшпепті.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38