БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

адамның не қолын, не аяғын алған соң ғана жіберетін сияқты еді, Нұралының көкесі көзімізге ерсі көрінді. Енді бүкіл ауыл бұл шаңыраққа табына қарайтын болды, оны ниеті түзу, қасиетті шаңырақ деп дастарқандарынан ырым үшін арнайы дәм тататынды да шығарды. Біз үшін Нұралының ешқандай арманы жоқ, төрт құбыласы тең, енді мына өмірден уайым-қайғысыз сақ-сақ күліп өтетіндей боп елестеді. Жұрт тайлы-тұяғымен егіс қамына кіріскен. Ат соқа, өгіз соқа, сиыр соқа демей жапа-тармағай жер тырналап жатыр. Соқа жетпегендеріне кетпен тиген. Егіс егіліп біте бергенде, Нұралының әкесінің ағасы майданнан оралды. Соғыстан аман қайтқан үйдің қуанышы –бүкіл ауылдың тойы болатын, ұлы тойы болатын. Бірақ, бұл жолы жұрт сілтідей тынды. Ниеті түзу, қасиетті шаңырақ деп дәм татып жүретін үйге жұрт аз жиналды. Бұл қызғаныш емес еді, бұл күндеу емес, бұл– тағдырға ренжу, тағдырға налу еді. Жұрттың бәрінің иығына бірдей түсті деп ойлап келген қасіреттің баршаға бірдей шашылмайтынына, шаңырақ таңдайтын соқырлығына білдірген іштей наразылық еді. Бір-біріне айтпаса да бұл сезім әркімнің күрсінісінде, әркімнің жүрегінің терең түбінде, көзқарасында жатты. Соғыстан адамы аман келген үйге өзгелердің ықыласының бірте-бірте суығанын, тіпті, ішін тартып тіксіне қарайтынын алғаш рет сезіндік. Мектепте де дәл осылай болды. Нұралымен балалар бұрынғыдай шүйіркелесе алмайтынды шығарды, оның соғыс жайлы әкесінен естіген ұшы-қиыры жоқ көп әңгімесінен ынта қашты. Онымен балалар көп сөйлеспейді. Өйткені, олардың арасында аспан мен жердей алшақтық жатты, олардың дауысы бір-бірінен айқайлағанмен жетпейтіндей көрінді. Бүкіл класс пен бір баланың арасындағы мұндай салқындық қалай және не үшін пайда болғанына ешкім түсінбеді. Ең көп түсінбеген әрине, Нұралы болды. Әкесі мен ағаларының аман келіп жатқанына оның жазығы жоқ еді, дәп өзгелер сияқты ол да көкесін жүрегі езіліп сағынды ғой, бірақ, тағдыр оған, ол тұратын шаңыраққа мейірім мол түсіріп, жақсылығын тілегенінен артық төге салса, бұл оған кінәлі ме? Әрине жоқ, кінәлісің деп айтқан да жан болған емес. Бәрі де күліп амандасады, сөйлеседі, кейбіреулері артық дәптер де сұрап алады. Бірақ, Нұралы жоқ болса оны ешкім іздемейді, ол қайда деп сұрамайды. Бір күні физкультура сабағында біз арық жағасына барып доп ойнадық. Жүн доппен ойналатын сол кезде мол тараған «мың атар» ойыны. Балалар топ-топқа бөлінген кезде Нұралыны ешкім бізге қосыл демеді, әуелгіде де өзі барып қосылып көріп еді, олардың бәрінде бала толық боп шықты. Бұл сыртта қалды. Балалардың ойынына қарап отырудан басқа ештеңе қалған жоқ. Ол әбден жалықты. Күпәйкесін төсеп, сөмкесін жастанды да, арқасын күнге беріп, көзін жұмды. Сол бойы ұйықтап кетіпті. Көзін ашса айнала жым-жырт. Балалар кетіп қапты. Физкультура соңғы сабақ болатын. Арқасын күн қыздырып, терлеп кетіпті. Ол орнынан атып тұрды. Түстен кейін

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38