БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

Қазір соның бірі де қалмаған. Жайшылықта балалы-шағалы болғанша бойдан арыла қоймайтын туа біткен шалдуар мінез, Еркінай сияқты бота көз әдемі қызға жарасымды мінез, аз ғана уақыттың ішінде ғайып болыпты. Іргеге әкеп қойған қаптардың ішінен жарпа-жарпа, набаттай көк мұз кесектерді мор ошақтың үстіндегі толтырып ас пісірсе колхоздың бір звеносына жететін дәу қара қазанға әкеп сала бастады. Қимылы жіті, қағілез. Өзі күн өткен сайын анамнан аумай келеді. –Мектептерің ашылыпты ғой,– деді ол бұл хабарды менен бұрынырақ естігенін, өзінің менен бұрынырақ тұрғанын білдіргісі кеп. Оның бұл үнінде сүйінші сұрағаннан гөрі табалау басым сияқты. Бір жарым айдан бері мектептен суып, барғым келмей жатқанын сезіп тұр… –Киінсеңші, тамағыңды іш. –Тамағыңды іше ғой,–деді апам да. Олар мені «Мектебіңе бара ғой»,– деп емес, дәл осы сөзді – «Тамағыңды іше ғой»,– дегенді айту үшін ғана оятқан сияқты боп көрінді. Бұл сөз екеуінің аузынан соншалықты байыпты, соншалықты салтанатты шықты. «Тамағыңды іше ғой»,–деп салмақтап жүргендері – зерен тостақтың ортасынан бір мысқал төмен, бір мысқал жоғары тары көже екен. Үстіне шекпеннің түймесіндей сары май салыпты. Құмандағы жылы сумен бетімді шая салып тамаққа бас қойдым. Екі-үш ұрттаудан артылған жоқ. Тағы осындай төрт-бесеу болса да көптік қылар емес. Тостақтан басымды көтергенде Еркінайдың маған жұтына қарап тұрғанын көріп қалдым. Өне бойым шымырлап кетті. –Не…Сендер… ішкен жоқсыңдар ма? –Ә..Жоқ…Тойып алғанбыз…–Ол саусағымен кеңірдегін кесті де, еріген мұздың суын қалайы табақпен шелекке сарылдатып құйып ала бастады. –Шыныңды айт. – Орнымнан тұрып оған жақындадым. –Рас деймін. –Өтірік! –Рас дедім ғой, рас. Апа, Оңғарды қарашы, тамақ ішкеміз десем нанбайды. Рас қой, іштік қой, апа, ә? Дәлізде әлденелерді салдырлатып жүрген апамның: «Рас, рас ішкеміз»,– деген самарқау үні естілді. Мен олардың нәр сызбағанын сездім және жуық арада қолдарына қасық ұстай қоймайтындары да белгілі. Әкемнің көзін көрген дәу қара қазан болса кішігірім су фабрикасындай беті шымырлап, асықпай-саспай мұз ерітіп жатыр. Ол үшін мына адамдарға тамақтан гөрі осылайша мұз еріткен әлдеқайда тиімді, әлдеқайда пайдалы сияқты. Бұрышта бір қабы кезек күтіп тағы тұр. Мен киініп болғанымда апам пеш түбіне сыпыра жайып, қол диірмен орната бастады. Бәрі түсінікті. Кеше Сейду мұғалімнің үйінен алып келген екі қадақ бидайды диірменге тартып, әйтеуір бір ыстық қаумет жасағанша шыдай тұрады. Ол да жаман емес. Қашан болса да, қай кезде болса да әйтеуір бүгін тамаққа отыратындарын біледі. Оның үстіне, күн сәл сынған соң қорадағы сары сиырды сауады. Рас, ол суалып кетті. Апамның айтуынша, «бізге құдай қарасып» тұр. Әйтпесе, қыстың аяғы түгілі, сонау ақырамаштың басында-ақ суалып кетуге тиіс. Былтырғы жазда қыс ұзақ боп кетсе деп сарайдың дуалы езілердей ғып төбесіне жүгері

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38