жуыңдар! Иә, шелектегі сумен, енді оның керегі жоқ… Ол өзімен-өзі боп кетті. Мына адамдардың шуын да, құттықтаған сөзін де естігенмен ұқпайтын, ұға алмайтын секілді. * * * Бөрібайдың алдынан шыққан дүрмектің қарасы қан майданнан ауылға алғаш аман келген Сейдудің алдынан шыққандағыдан да көп болды. Орыншаның ұзақ ауырып жатқаны, балаларының жастығы, «ертең соғысқа түскелі тұрмыз»,– деп осыдан жеті ай бұрын хат келгеннен кейін Бөрібайдан хабар атаулының мүлде үзілуі қалған жұрттың да қабырғасына қатты батқан болса керек. Ауыл сыртындағы қасқа жолдың басынан қылт етіп ат арба көрінді. Арба шаңдатып ылдидан төмен құлағанда жұрт солай қарай лап қойды. Біз, балалар, алдында келе жатырмыз. Арамызда Гүлжамал да бар. Кішкене сіңлісін жетектеп алған. Жүгіргенде аяғы жерге тимейді. Әдетте, соғыстан қайтқан солдат қыр басынан көтеріліп, көзіне ауыл түскен соң шыдай алмай ақсақ болса да арбадан түсіп, бері қарай жаяу жүретін. Одан адам түсе қоймаған соң бөтен арба ма деп біз жүгірісімізді баяулатып, іркіліп қалдық. –Мынау басқа арба ма, немене! – деді бізді қуып жеткен дүрмектің ішінен бір әйел. Арба жанымызға кеп тоқтады. Бір топ бала енді не істерге білмей аңырайып қалдық. –Әй, Бөрібайды әкеле жатқан арба көзіңе түспеді ме?– деді әлгі дауыс. Үстінде сұр шекпені бар, бір көзі соқыр, мұртты жігіт асықпай жауап қатты. –Көрдім. Осы арба сол болады. –Не дейді, құдай-ау, тірі ме? Сол болса неғып көрінбейді! – деп Орынша жәшікті арбаға жетіп барып, ішіне үңілді. Үңілді де, қос қолымен бұрымын жұлып, аңырап қоя берді. * * * Бөрібай екі аяқ, бір қолынан айырылып кепті. Екінші қолы да қоспасынан жоқ. Сәлден соң жәшікті арбадан қылтиып басы көрінді. Екі көзінен жас парлап тұр екен. Балалары «көкелеп» арбаға құстай ұшып барып мінді де, оның мойнына асылды. Той болды. Қыстың қысылшаң кезіндегідей емес, жұрттың сәл қарны тойып қалған шақ. Екі қазанға бидай ботқа жасалып, таңға шейін өлең айтылды. Бөрібай да өлең айтты. Ұзақ айтты, сөзінің бәрін госпитальда жатқанда өзі шығарыпты. Тағдырға нала, соғысқа нәлет білдірген сөздер. Бүйтіп тірі қалғанша көп боздақпен бірге неге өлмедім деп өкінді. Жұрт айтты: «Күйреме»,–деді, бірақ өздері қатты күйзелді. Күзге қарай мектепте сабақ басталды. Колхоздағы жиын-теріннің созылып кеткеніне байланысты сабаққа да жиырма шақты күн кеш кірістік. Жалаңаяқ жаз артта қалып, ұмыт болған ортақ етіктердің кеткен жерлеріне жамау түсті. Гүлжамал екеуміз қайтадан бірге отырдық. Ол бұрынғысынан біраз өзгерді. Жүзіндегі сары уайым табы кетіп, ашық-жарқын сөйлейтін болды. –Мен шпана болайын деп жүрмін, – деймін оған кейде сабақ үстінде сыбырлап. Ол «Керқұла атты Кендебайдан» басын көтеріп: А?! – дейді. –Шпана болайын деп жүрмін, – деймін тағы да.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38