БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

шешелеріңнен таяқ жейтін едіңдер, ә, мұрынбоқтар! – деді ол бізге қарай бүйірін таянып. Біз оған тура қарауға ұялып, басымызды төмен құнжитамыз. Шашылып жатқан тезектің қырық үш екенін ойлап кетеміз. Біз Мәденмен достасып кеттік. Қазір ол ортада тұр. Бойындағы балалығы мен жігіттігі қатар жарысып, балалығы қалғысы келмей, жігіттігі біржола жетектеп алып кете алмай, реті келсе екі жаққа да қарайлай салатын жаста. Ол – солдат! Басқа бір жерге апарып, біраз уақыт үйретеді дейді. Сонан соң… майдан. Мектеп ішінен әскери киім киген көк көз, сары шал шықты. Біздің әскерлердің жауды өкшелетіп қуып бара жатқандарын айтты. Бірақ, толық жеңіс үшін жаңа күштер, Отанын шын сүйетін патриоттар керек деді. Сонан соң ол ортадағы алтауға қарап: – Ал, жас қырандар! Отан қорғауға дайынсыңдар ма?– деді. – Әрқашанда дайынбыз? Отан үшін жан пида! – деді алтауы да күні бойы офицердің осы сөзін ғана күтіп тұрғандай бір ауыздан. –Не дейді, құдай-ау! Мыналар не деп тұр! – деді Мәденнің анасы шыдай алмай. Соғыс басталған жылы күйеуі мен үлкен баласы әскерге қабат алынып, үш-төрт айдың ішінде екеуінен де қаралы хабар алған. Запы болған байғұс жүрек шыр қағып ол баласына қарай ұмтылып еді, жұрт оны жібермей қойды. Аттаныс екі күннен кейін еді. Бірақ олар күтпеген жерден ертең түсте жүретін болды. Қарт офицер елді бекер теңселтпейік деген пікір айтыпты. Көрші екі колхоздан таңертең он үш бала қосылады. Біз таңды көзімізбен атқыздық. Адамдардың арасымен сығылысып барып, Мәденнің қасына отырдық. Ол ертең аттанады, көз көріп, құлақ естімеген алысқа аттанады. Мүмкін біз оны енді қайтып көре алмаспыз, онымен соңғы рет жүздесіп, соңғы рет тілдесіп отырған шығармыз. Бәлкім, ол Сейду ағай сияқты бір аяғын беріп оралар, немесе Бөрібай секілді екі аяқ, екі қолынан айрылып қайтар, бәлкім, сол жақта мәңгілікке аттанып, елге «қара қағаз» боп қайтып келер. Кім білген?.. Мүмкін, батыр боп аты аңызға айналар. Бірақ арамызға аман оралса да оның жетінші кластан бастап қайтып оқымайтыны, мектепке тезек арқалап тасымайтыны, бізбен бірге сырғанақ теуіп, суға шомылмайтыны, қарсы алдымызға кеп тыр жалаңаш бүйірін таянып тұрмайтыны, тыр жалаңаш билемейтіні, әйтеуір қайткен күнде де бізден алыстап кетері анық еді. – Түу, мен келгенше сендер оныншы класты бітіріп қоясыңдар-ау, ә, – деді ол бізге қарап. – Неге? Сен алты жыл жүресің бе сонда? – А-а, солай екен ғой, алты жыл бар екен ғой әлі. Қандай ұзақ оқисыңдар… Алты жыл… алты жыл жүрмейтін шығармын. Бір-екі жылдан аспас, –деді ол кесіп айтқысы келгенмен сенімі жетпей. – Сендер қорықпаңдар? Неменесіне қорқасыңдар. Қорқу деген не ол? Мәселен мен… түк те қорқып отырған жоқпын. Тек, апамды

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38