БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

аяймын. Әйтпесе, қорқатын не бар!.. Айтшы, қорқатын не бар? – Ештеңе жоқ… – Әрине, ештеңе жоқ. Неміс пе? Немістен несіне қорқасың? Ол да біз сияқты адам. Біз күн шыққасын келетін боп Құлман екеуміз таң қараңғысында үйге қайттық. Мәден мен біз тұратын жердің арасы бір шақырымдай. Күздің қара суық желі еріне басып келе жатқан бізді суық алақанымен алға итермелейді. Әрқайсымыз өз ойымыздың тереңіне шомып үнсіз келеміз. Менің ойымдағыны ол, оның ойындағыны мен жақсы білемін, ол жайды бір-бірімізге айтып жатудың қажеті жоқ. Осылайша ауық-ауық иық түйістіріп екеуден-екеу бітпейтін ұзын жолға түсіп алып, желдің гуілін тыңдап жүре бергің, жүре бергің келеді. Бір басылып, бір күшейген жел санаңдағы шырматылған сұрақты өзі шиеленістіріп, келесі толқынмен өзі шешіп жататын секілді. Бәлкім, дәл осы кезде, Құлман екеуміз ойға шомып үнсіз келе жатқан шақта біздің әскерлеріміз жауырынын сызға төсеп, қансырап жатқан шығар. Тау қараңғысымен көмескіленіп, семуге таянған төбеміздегі бір жарық жұлдыздан ғұмырындағы ең соңғы жарық сәуледен, өмірінің куәсі, әрі жанашыры боп елестеген сәуледен ол да көзін алмай ақтық сәтінде бізді ойлап жатқан болар. Елі үшін, жері үшін, осынау жалпақ дүниенің ешкімге белгісіз бір түпкіріндегі өзіне ғана қымбат, тек өзіне ғана киелі шаңырағын, өзгелер үшін бары да, жоғы да, туылғаны да, туылмағаны да белгісіз қой көзді қоңыр әйелін, өмірінің мақсаты, өмірінің нәрі болған екі баласын қорғамақ боп аттанып, талғамсыз оққа тап келіп, қор боп бара жатқанына, бір де бірі орындалмаған әкелік арманының өзімен бірге өлетініне егілетін шығар. Табиғат адамды қандай бейшара ғып жаратқан! Тым болмаса өмірінің соңғы сәтінде ұлының «көке» деген бір ауыз сөзін ести алмайтын етіп құрылған тіршілік заңы неткен тасбауыр! Белгісіз бір жақта әкесінің өлгелі жатқанын баласына сездірмей, дәл сол сәтте қырық үш тезекті аман алып қалғанына қуантып, немесе «шпана болғалы жүрмін» деп аузына бейғам әзіл салып, я болмаса тыныш ұйықтап, тәтті түс көргізіп, адамдарды уақытша алдап қоюға шебер өмір заңы неткен опасыз! Құлманның үйіне жақындап қалыппыз. Оны іздеген де, ирелең жолмен бұрылған да жоқ сияқты едік, тек бұл арамен талай жүріп үйренген аяқ адасқан иесін үйіне алып келетін аттай бізді байқаусыз жеткізіп сапты. Үйдің тұсындағы жолмен сықырлап шабақты арба өтті. Өткен жолғы арбадан аумайды. Мен таңданып, Құлманға сұраулы пішінде қарадым. Ол жауап бермеді. Тіпті, арба жаққа назар да аударған жоқ. * * * Шағын ауылды от пен суға салып, әбден сынап, әбден шыңдап алмақ болғандай даланың құмына жүгері қуырып жеуге келетін күні кешегі ыстықтың соңы мизамды күзге, мизамды күз қазан суыққа, қазан суық қара суыққа жалғасып, оның арты ай-шайсыз ақ боранға айналды. Жаз бойғы жинап-тергенін тамағынан

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38