БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

жырып майданға жөнелтіп, өздеріне қалт-құлт тіршілік етер арзымас қана қорек қалдырған алақандай ауыл «сынасаң сыныңнан қорқып па ем, аянатын нең қалды»,– деп қыраулы күн, боранды қыспен тағы да тайталасқа түсті. Аналардың үміті мен көз жасына суарылып, балалардың теріне малшып майданға жөнелтілген астық қайыра «сәлемдемеге» он шақты хат, екі «қара қағаз» жіберді. Он шақты хаттың бірі көкемнен де келді. Апам бұл жолы ешкімді тыңдаған жоқ. Майданға ет жөнелтпек боп жұрттан мал сатып алып жатқан колхозға биылғы қысыр қалған сары сиырды өткізіп, орнына екі қой, екі ешкі алды да, қойдың біреуін сойып кішігірім той жасады. Сары сиыр ертесіне кешке жаз бойы өрісте бірге жайылған жеті-сегіз «көзтаныстарымен» қосылып, өздерін алыстағы бір разъезде көптен күткен вагонға тиелуге кетті. Сөйтіп, сары сиыр да соғысқа аттанды. Өзінің соңына ішіне сабан тыққан бұзауының тұлыбын қалдырып, анық келмес сапар асты. * * * Қыс ортасы ауа бергенде ауылды дүрліктірген оқиға болды: Гүлжамалдың көкесі табан асты жоқ боп шықты. Кешеден бері бет қаратпас боран соғып тұрған. Кешкілік арбасын шиқылдатып үйден шығып кетіпті. Қоспасы жоқ оң қолының басына арбаны итергенде жұмсақ болсын деп әйелі мәсінің қонышының ішіне мақта тығып, оны білегіне байлап берген. Жаздың күндері жалғыз қолмен итеріп-ақ ол үйді-үйді аралап жүре беретін. Жақын маңдағы көршілердің біреуіне кеткен шығар деп олар жуық арада іздей қоймайды. Балаларын төсегіне жатқызады да, әйелі көршілерді аралап шығады. Жоқ. Борандатып тағы үш-төрт үйдің есігін ашады. Көрдім-білдім деген адам болмайды. Осындай қарлы боран, қараңғы түнде арбасын итеріп қайда кетпек? Ол енді шындап қорқа бастайды. Көрші-қолаңдардан адам шығып, олар да қосылып іздейді. Қуыс-қуыстың бірін қалдырмайды. Ізім-қайым жоқ. Ертесінде боран басылғанда барып оның дерегі шықты. Үй сыртындағы терең арықтан денесі табылды. Серейіп қатып қалыпты дейтін төрт мүшесі түгел емес, кескен дөңбектей домаланыпты да қапты. Соңғы үш жылда өлімді көп естіп, «өлім» деген сөзге бойлары үйреніп алған жұрт бұл жолы тура құдайдың өзін қарғады. «Соқыр құдай» деді, «керең құдай» деді, «тас жүрек құдай» деді, «қайырымсыз құдай» деді. Бәрімізді қайран қалдырып Бөрібайдың өліміне Орынша жылаған жоқ. Абыр-сабыр жұрт күйеуінің денесін шанадан түсіріп, дәліздегі шидің үстіне қойып, көзіндегі мұзы мен (өлерінің алдында жылаған болуы керек) қарын тазалап жатқанда, бұл ішкі үйден көйлекпен шығып ұзақ қарап тұрды. Бөрібайдың үстіне төнген бір топ еркектер оның денесін тазалап, арбасын шешіп, сәл кейін ысырылғанда Орынша бір тұтам боп домаланып жатқан денеге қарап: «с-сорың құрғыр-р», – деді тістене сөйлеп. Сөйтті де ішке кіріп кетті. Ол үйге кірген соң жолдан қалып бара жатқан адамдай тез-тез киімін киіп, топырлап келіп жатқан адамдармен көрісе бастады. – Жыламаңдар, – деді

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38