БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

ол көрісіп боп жаулықтарымен көзін сүртіп отырған әйелдерге зекіп. – Неменесіне жылайсыңдар! Жылағанды құдай көретін болса көретін кезі болған жоқ па? Ол соқыр боп қалған. Екі көзі ағып түсіп, екі құлағы тас боп бітіп қалған. Мың жалбарынасың, мың тілейсің, көз жасыңды көл қыласың, сондағысы осы ма? Тапқан екен енді жылайтын ақымақты. Енді мені жылатып көрсін. Ал, айттым айтарымды, тас құлағы осы сөзімді естісе шауып ала қойсын мені кеп! Мә, шабарсың мені! — Ол аспанға қарап ерні мен саусағын шығарды. Іштегілер демін ішіне тартып, қазір аспаннан жәбірейіл түсіп, Орыншаның жанын көзбе көз алып кететіндей жым-жырт бола қалды. Оған «қой» деп те айта алмады. «Күйеуіңнің аруағы үшін дауысыңды шығар» дей де алмады. Бұл аз болғандай ол сырттан «бауырымдап» кіріп келе жатқан екі-үш кемпір мен екі үш шалға тағы айқай салды. – Жыламаңдар дедім ғой, жыламаңдар! Сыртта тұрып біреуің айтыңдаршы, жыламай кірсін. Бұл жылайтын өлім емес. Жылағанымызды естісе «Бір шуылдаттым-ау» деп құдайдың тағы айызы қанар. Үндемеңдер, қайтер екен. Ақыры алатын адам болғасын соғыста алмай, ол байғұсты бір қорлап, бізді бір қорлап, «ал қайтесің» дегендей бала-шағасының алдына әкеп алғанына күйем-ау! Гүлжамал, Гүлбаһрам, мен не айтып отырмын, сендер де қойыңдар! Пеш түбінде тонға оранып отырған екі қыз сыңсып барып жылағандарын тоқтатты. Екеуі де ішіндегі өксігін тежей алмай, тізелеріне басын қойып, иықтары солқ-солқ етеді. Әлі төсегі жиналмаған кішкене бала кішкене мысықты мыжғылап ойнап отыр. Ауық-ауық үнсіз топтың ішіндегі көзі түскен біреуге қарай қиқу сап айқайлап қояды да, «мә» деп мысығын ұсынады. Адамдар үнсіз кіріп, үнсіз шығып жатты. Біреулер: «Орынша құдайдан безді», – деп түңілді, біреулер: «Тас бауыр екен», – деді, енді біреулер: «Есі дұрыс емес шығар», – деп күдіктенді, тағы бірі: «Қайтсін, әбден күйген де»,–десті. Жұрт Бөрібайдың сүйегін үйге бір түнетіп, ақ жауып аттандырғалы жатқанда сырттан «сүйінші» деген дауыс естілді. Соғыстан Нұралының көкесінің ең үлкен ағасы келе жатқан көрінеді. Отыз шақырымдай жердегі разъезден түсіп, бері қарай өгіз арбамен шығыпты. Нұралының көкесі, екі ағасы, бәрі осы үйде болатын. Олар үдере тұрды. Балаларымен келген әйелі қуаныштан жүрегі жарыла жаздап, орнынан үш ұмтылып барып әзер көтерілді. «Ал, ал, ойбай, сүйіншіңді, – деді ол баяғы бақташы балаға. – Жанымнан басқаның бәрі сүйіншің болсын. Ал, қалағаныңды ал! О, құдай, көрсеткеніңе шүкір, осы күнге жеткізгеніңе шүкір, құдай…» Орыншамен қоштасуға да шамасы келмей олар сүріне-қабына сыртқа шықты. «Мынау үйдің қайғысы бар-ау, қазасы бар-ау»,– деп қарайлауға мұршалары келмеді. «Қаралы күйден өзім аулақ болсам болғаны, қалғаныңда шаруам жоқ»,– деп қара бастың қамынан туған қарайламау емес, сарыла күткен қуаныштың аспаннан түскендей кісінің есін алып, санасын шырмар

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38