БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

паяны үйіп алғанбыз. Көрші-қолаңдар бір бау, екі баудан сұрап, уағына жеткізбей бітірейін деді. Бірақ, сары сиыр соншалықты аш емес. Ол да соғысты көрген жоқ. Тіпті, естіген де, білген де емес. Мұрнын шүйіріп тұра береді. Бұзауы ерте өлді. Кінәнің бір ұшы өзіне де тіреледі. Бүкіл ауыл бойынша, қала берді Қазақстан бойынша дүниеге бұзау әкелетін жалғыз өзі сияқты туар алдында арқандап қойсаң арқаныңды үзіп, шынжырлап қойсаң шынжырыңды үзіп, үзілмесе есебін тауып мүйізін қазықтың түбінде қалдырады да, өзі беті ауған жаққа қаңғырып, бошалап кетеді. Әкем барда іздеп жүріп тауып әкелетін, немесе бошаларын біліп: «Жарықтық, емін-еркін тусын», деп соңынан ілесіп отыратын-ды. Былтыр қысыр қалып тыныш тапқанбыз. Биыл да артымнан салпақтап еріп жүретін адам бар деп қалған болу керек, апақ-сапақ ел ас-суын ішіп жатқан кезде ғайып болды да шықты. Сабылып іздеп, жабылып іздеп үш күннен кейін таптық. Ауылдан он шақты шақырым жерде, мәнәйі себеппен жолың түсе қоймаса, арнайы ат басын бұра қоймайтын Шошқалы сайдың көмейіне барып туыпты. Бұзауы өліп жатыр. Сары сиыр жалап тұр. Біз барғанда оқыранып, «Енді қайттім!» дегендей арқасынан сипаған анама мөлт-мөлт қарады. «Бейшара-ай, бейшара-ай», деді апам. Оның да көзі мөлт-мөлт етіп шыға келді. Бұзауын есекке артып келеміз. Сары сиыр бір елі қалмай қабаттасып келеді. —Апа, бұзау неден өлген? —Көрмедің бе? —Жоқ. —Иттің ізі жатқан жоқ па? —Иә, жатыр. —Ит емес, қасқырдың ізі. Сиыр туайын деп жатқанда қасқыр келген. Байғұс… бұзауын қасқырмен арпалысып жүріп туған. Жан-жағының шаңы шығып кеткенін көрмедің бе? Баласын аман алып қаламын деп ажалмен арпалысқан сары сиыр көз алдымнан кетпей қойды. Дәл осы сәттен бастап сары сиырды жақсы көріп кеттім. Үй ішіндегі үшеуміздің де ықыласымыз күрт өзгерді. Оны бәріміз жақсы көрдік. Шынжыр үзер тентектігінің төркінінде ерлік жатқанын аңғардық. Баласын аман алып қала алмапты. Оған сары сиыр кінәлі емес. Апам сол күні бұзаудың терісін сыпырып, ішіне сабан тықты. Зәрем ұшқан мен: —Мұныңыз не? — деп зыр ете қалдым. —Сауған кезде сиырдың алдына қоямыз. —Неге? —Бұзауының терісін көргенде ийді. Әйтпесе, сүт шықпай қояды. Сондай сабырлы айтылған бұл сөз жүрегімді тілгілеп кетті. Сол күні кешке апамның сиырды қалай сауғанын да көрдім. Шелегін жуып, сарайдағы ішіне сабан тыққан тұлыпты алды да, енесінің алдына тастады. Сары сиыр еміреніп жалай бастады. Көзі мөлт-мөлт етіп жүре берді. Екі-үш минуттан соң желіндері сыздап шыға келді. Апам гүрілдетіп сауа бастады. Әп-сәтте шелекке жетер-жетпес сүт алды. Мейірім мен қаталдық. Мейірім мен қаталдықтан шыққан аппақ сүт! Шынында, апамның айласы қаталдық па? Ол апамның ғана айласы ма еді. Өзінің айтуына қарағанда атамзаманнан келе жатқан әдіс дейді ғой. Өлер бұзау өлді. Бәлкім, оның

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38