оның назарын аударам ба деген ниетпен: – Мына тұрысың не тұрыс? Үйге жүр былай, –деді дауысын көтеріп. – Жоқ, бармаймын! – Ол үстіндегі күйеуінен қалған шолақ шинелінің қалтасына қолын салып, ілгері қозғалды. Сол бойы бір-екі адым аттады да, оқыс кері бұрылып: – Құдай жоқ! – деді. — Ол өліп қалған! Баяғыда өліп қалған! Бірақ, оның өлгеніне жыламаңдар. Білдіңдер ме, жыламаңдар! (Ол апамның «о, қу құдай» деген сөзін естіп қалыпты). Соны айтты да, ілгері қайта қозғалды. Түймелері ағытулы шолақ шинелінің қалтасынан қолын алмаған бойы шайқатыла басып кетіп барады. Апам үйге келген соң ұсақ-түйек шаруаны Еркінай екеумізге тапсырды да, өзі тез-тез киініп Орыншаның соңынан кетті. Ертесіне Гүлжамал сабаққа келген жоқ. Оның ертесіне де келмеді. «Неге келмеді?», – деп Сейду де, «неге келмеді», – деп өзгелер де сұрамады. Жұртқа айтып жарияламай-ақ қояйын деп апам жалғыз өзі барып қайттым дегенмен бүкіл ауыл Орыншаның шалық мінезінен хабардар болып алған көрінеді. * * * Ауылдан әскерге алынған адамдардың бәрі қайтып келе жатыр екен-ау, деймін. Бірі қалмай, қырық екісі түгел разъезден түсіп, ауылға қарай беттепті. Ішінде өлгендері де, қара қағаз келгендері де бар екен. «Олардың өліп қалғаны қайда?» – десек, бақташы бала қарқылдап кеп күледі. «О, ол өтірік боп шықты. Ешқайсысы өлмепті», –деп разъезд жаққа қайта шаба жөнеледі. Бүкіл ауыл дүрлігіп жүгіріп келеміз, жүгіріп келеміз, разъезд жеткізер емес. Сейду алдымызға түсіп алған екен-ау деймін. «Дем алмаңдар, дем алмаңдар, әйтпесе олар қайтып кетеді» – деп бар даусымен айқай салады. «Олар қайтып кететін бопты»,–деп жанталаса алға ұмтыламыз. «Жыламаңдар! Жыламаңдар!» – деп әлдекім тағы айқайлайды. Таныс дауыс сияқты. Үстіндегі күйеуінен қалған шолақ шинелі жалбаңдап Сейдумен қатарласып Орынша да жүгіріп келеді екен. Жалаңаяқ жүгіріп келеді. «Менің аяғым тоңбайды, оған жыламаңдар! – дейді ол тағы айқайлап. –Бөрібайдың аяғы жоқ еді ғой, әскерден қайтқанда саған керек емес деп етік бермепті. Біз әлі жүгіріп келеміз. Өкпеміз аузымызға тығылып, тынысымыз тарылып барады. «Тоқтамаңдар!» – дейді Сейду бәрімізге бұрылып: «Разъезд бұл жерде емес екен. Ол алдыңгүні біздің ауылдың қасына көшіп барған. Біз байқамай өтіп кетіппіз. Тоқтамаңдар, солай қарай жүгірейік»,–дейді. Олардың өктем де зор естілген дауыстарынан зәреміз қалмай қорқып келеміз. Бәріміз қоғадай жапырылып, Сейду көрсеткен жаққа бұрыламыз. Ілгері басқан аяқ кейін кетіп, Құлман екеуміз жұрттың ең соңында қалып қойыппыз. Құлман жылап келеді. «Бақташы бала өтірік айтыпты, менің көкем келмейтін көрінеді»,– дейді. Ғажап! Бізді кішкене арбасымен Бөрібай қуып жетіпті. Жалғыз қолымен ышқына итергенде дөңгелегі шаңды аспанға бұрқ-бұрқ көтереді. «Келіңдер, маған мініңдер. Сыймасаңдар, мойныма отырыңдар»,– дейді. Біз оны аяп, келіспейміз. «Әттең, өліп қалғанымды қарашы. Әйтпесе осылармен бірге келер едім»,–дейді
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38